17 тамызда Беларусь президенті Александр Лукашенко ереуіл өткізіп жатқан Минск зауытының жұмысшылары (МЗКТ) алдына шығып, елде жаңадан сайлау өтпейді деп тағы мәлімдеді. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлайды.
Бір аптадан астам уақыттан бері наразылық акциясын өткізіп жатқандар Лукашенкодан сайлауды қайта өткізуді талап етеді. Беларусьтегі президент сайлауының қорытындысын Ұлыбритания, Польша, Литва және Еуроодаққа мүше өзге елдер де мойындамаған.
Лукашенкомен кездесу кезінде МЗКТ жұмысшылары "Кет!" (Уходи) деп айқайлады. Ал Лукашенко "бұл сұраққа жауап берейін: тағы да айқайласаңыздар болады" деді.
Осыдан соң "қысыммен бір нәрсе жасайды деп ойламаңыздар, мен ешқашан ондайға бармаймын. Өлсем де, сайлау болмайды. Себебі, МЗКТ да, МАЗ да, БЕЛАЗ (трактор зауыттары - ред.) да қалмайды, жарты жыл ішінде бәрі жабылады" деді Лукашенко.
Дегенмен ол президент өкілетін бөлісуге даяр екенін, бірақ мұны қысыммен немесе "көшедегі наразылықтан" кейін жасамайтынын ескертті. Оның сөзіне қарағанда билік өкілетін үлестіру мәселесін көше емес, "конституциялық процесс" арқылы жүзеге асыру керек.
Лукашенко зауытқа тікұшақпен ұшып келген. МЗКТ жұмысшылары TUT.by сайтына президенттің барлық жұмысшылармен кездеспегенін, тек "таңдаулылармен" кездескенін хабарлады.
Президенттің тікұшағы жерден көтеріліп бара жатқан шақта кездесуге қатыса алмай қалған жұмысшылар ысқырып, Лукашенкоға қарсы ұрандар көтерген. "Настоящее время" арнасының хабарлауынша, МЗКТ жаққа қарай әскери техника бағыт алған. Олардың зауыт аумағына кіргені-кірмегені белгісіз.
17 тамызды бірнеше зауыт жалпыұлттық ереуіл күні деп жариялаған. Минскіден тікелей эфирде хабар таратып жатқан "Настоящее время" арнасы жұмысшылар мен қарапайым азаматтардың көшеде шерулетіп бара жатқанын көрсетті. "Оқиға жылдам дамып жатыр" деді арна тілшісі.
Беларусьте президент сайлауы 9 тамызда өткен. Орталық сайлау комиссиясы Лукашенконың 80 пайыздан астам дауыс жинағанын хабарлаған. Президент сайлауының ресми қорытындысы жариялана бастаған уақыттан бері елде наразылық акциялары өтіп жатыр. Сайлау қорытындысы бұрмаланды деп есептейтін наразылар елде қайта сайлау өткізуді және Лукашенконың отставкаға кетуін, күштік құрылымдардың халыққа күш қолданбауын талап етіп отыр.