Атырау, 26 қараша 00:42
 ашықВ Атырау -2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Тихановская ұлт көшбасшысы болуға дайын екенін мәлімдеді

Бейнежазба
2 946 просмотра

Беларусьтегі президент сайлауында Александр Лукашенконың басты қарсыласы болған Светлана Тихановская азаматтарға тағы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

"Елдегі ахуал тынышталып, қалыпты тірлікке көшу үшін және барлық саяси тұтқындарды босатып, тез арада заңнамалық негіз бен жаңадан президент сайлауын өткізу шарттарын әзірлеу үшін ұлт көшбасшысы ретінде шығып, жауапкершілікті алуға дайынмын" деді Тихановская видеомәлімдемеде.

Ол мәлімдемеде саясаткер болғысы келмегенін, бірақ тағдырдың "әділетсіздік пен бассыздыққа қарсы тұратын майданның алдыңғы шебінде" болуды жазғанын айтты.

"Сіздер маған дауыс бердіңіздер және не үшін дауыс бергендеріңізді де анық түсінемін. Біз 26 жыл бұрынғы қайталап келе беретін шеңберден шыққымыз келеді" деді Светлана Тихановская.

Бірнеше күн бұрын Тихановскаяның Литваға кеткені белгілі болған еді. Оның жақтастары Тихановская қысыммен елден кетуге мәжбүр болды деп мәлімдеді. Ізінше оның наразылыққа шықпау туралы видеоүндеуі жарияланды. Видеода Тихановскаяның сөзін қағазға қарап тұрып айтып отырғаны байқалады. Жақтастары оған қоқан-лоқы жасап, мәлімдемені оқытуға мәжбүр қылды деп топшылаған. Тихановская мәлімдемеде Лукашенко жеңісін мойындайтынын немесе сайлаудың ресми қорытындысын даулаудан бас тартатыны туралы айтпаған. Оның қайда түсірілгені де белгісіз.

Тихановская 15 тамызда тағы да видеомәлімдеме жасап, беларусь қалаларын 15-16 тамызда бейбіт шеруге шығуға шақырған.

Өткен сенбі-жексенбі күндері Беларусьте ірі наразылық өтіп, жиналғандар президент Александр Лукашенконың отставкаға кетуін талап етті. Олар сонымен бірге әділ сайлау өткізуді, күштік құрылымдардың демонстранттарға күш қолданбауын және саяси тұтқындар мен ұсталғандарды босатуды талап етті.

Жексенбі күні Минскіде болған наразылық шеруіне 100 мыңнан аса адам қатысқан. Оған Брест, Могилев, Гродно, Витебск, Бобруйск және өзге қалалардан келген.

Тихановская – танымал блогер Сергей Тихановскийдің әйелі. ОСК күйеуін кандидат ретінде тіркеуден бас тартқаннан кейін сайлауға оның орнына әйелі қатысқан. Сергей Тихановский қазір қамауда отыр. Өзге оппоненттерді тіркеуден бас тартқаннан кейін Тихановская Лукашенконың сайлаудағы басты қарсыласына айналған.

Тихановская жақтастары сайлау қорытындысы бұрмаланды деп есептейді. Олар дәлел ретінде оппозиция кандидатына сайлаушылардың 60-70 пайыз дауыс бергенін дәлелдейтін хаттамаларды алға тартады.

Беларусьте президент сайлауы 9 тамызда өткен, оның ресми қорытындысы бойынша, Лукашенко сайлаушылардың шамамен 80 пайыз дауысын алып жеңген. Бұдан соң елде сайлау қорытындысына наразылық өршіген. Билік наразыларды күшпен басты. Жүздеген адам жарақаттанды, кемінде бір адам қаза болды.

17 тамыз 2020, 17:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.