Атырау, 20 мамыр 06:20
 ашықВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Жұқпалы аурулар ауруханасының орнына коммерциялық нысан салынады

2 959 просмотра

Авангардтағы бұрынғы жұқпалы аурулар ауруханасының орнына салынатын жаңа оңалту орталығының құрылысы - толығымен коммерциялық жоба. Біз «Атырау» ӘКК баспасөз қызметінен осындай жауап алдық.

«АЖ» бұрын жұқпалы аурулар ауруханасы орналасқан жер телімінің тағдыры туралы бірнеше рет жазған еді. Естеріңізге салсақ, бірнеше жыл бұрын жұқпалы аурулар ауруханасы Нұрсаядағы жаңа ғимаратқа көшіп, қаланың кісі көп жүретін жерінде өзен бойында орналасқан керемет жер телімін қонақүй апартаменттері мен қоғамдық тамақтану нүктелері бар медициналық оңалту орталығын салуға беру ұйғарылған болатын.

2018 жылғы наурызда «Атырау ӘКК» АҚ жобаны бірлесіп жүзеге асыру туралы «Estate Sevice» ЖШС-мен келісімшарт жасады, ал сәуір айында «“Estate Corporation Group-Atyrau” басқарушы компаниясы» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылды. ӘКК жобаға жалпы ауданы 1,0028 га жер телімін енгізді, ал «Estate Sevice» ЖШС оңалту орталығының құрылысы мен іске қосуға қатысты барлық қаржылық шығындарын өз мойнына алды. Жоба құны - 5,8 млрд теңге.


ӘКК баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жерде аурулар, алған жарақаттар және туа біткен аурулар нәтижесінде физикалық және психикалық мүмкіндіктері шектелген адамдардың еңбекке қабілеттілігі мен денсаулығын қалпына келтіруге арналған медициналық, психологиялық, педагогикалық және кәсіби шаралар кешенін өткізу жоспарланған.

Орталық жыл сайын 53 мыңнан астам емделушіге қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. Құрылыс 2020 жылдың желтоқсанында аяқталады деп белгіленген. Қазіргі уақытта жұқпалы аурулар ауруханасының ескі ғимараты бұзылып, ол жерде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

- Ұзақ келіссөздерден кейін инвестор «Атырау» ӘКК үлесін сатып алды. Бұл процесс құрылыстың басталуын кешіктірді, қазір техникалық шарттарды алып жатырмыз. Ғимарат бес қабатты болады, қонақүй нөмірлерінен басқа, мейрамхана, фитнес залы, протездеу шеберханасы салынады, - деді құрылыс компаниясының өкілі.

ӘКК жер телімінің сатылғаны туралы ақпаратты растады, бірақ коммерциялық құпияға сілтеп, үлесінің сатылған сомасын атамады.

«Жобадағы инвестордың үлесі - 52%, ӘКК үлесі - 48% болды. Жоба толығымен инвестор есебінен жүзеге асырылады, ӘКК-нің жобадағы үлесі - жер телімін беру. «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» №220-I ҚР Заңының 31-бабының 1-тармағына сәйкес, серіктестікке қатысушылар қатысушылардың бірінің үлесін сатып алған кезде үшінші тұлғаның алдында артықшылық құқықты пайдаланады.

Осылайша, 2019 жылдың 22 қарашасында ӘКК өзінің 48% үлесін серіктестіктің екінші қатысушысы – «EstateService» ЖШС-не сатқан. ӘКК «EstateService» ЖШС-нен серіктестік қатысушыларының жобаны жүзеге асыру тұрғысындағы шешімінің орындалуына кепілдік міндеттеме алған. Оңалту орталығының жұмысы коммерциялық негізде жүзеге асырылады», - делінген «Атырау» ӘКК-нің жазбаша жауабында.

Яғни, бұл коммерциялық жоба және компания өз міндеттемелерін орындамаса немесе басқа нысан салса, оған айыппұл салынады деген келісім бар. Корпорация айыппұл мөлшерінің көлемін де атамады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген автор

17 тамыз 2020, 15:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.