
5 тамызда Атырауда жазатайым оқиға болды - 8 жастағы Исламды «Азаттық» даңғылы, 88 үйдің ауласында тоқ соқты. Бала облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылып, үшінші күн болғанда шығарылды. 5 тамызда не болды, Исламның қазіргі жағдайы қалай және ол үшін кім кінәлі – бұл туралы «AЖ» тілшісі анықтаған еді.
«ОЛ ӘЛІ САУЫҒЫП КЕТКЕН ЖОҚ»
Қырсық шалған сол күні бала әдеттегідей аулаға ойнауға шығады. Көршісі Роза апа немерелерімен бірге үйдің подъезінен жүгіріп шыққан кезде кенеттен Исламның жерге ұшып түскенін көреді. Бұл өткен жылы осы екі қабатты тұрғын үйдің ауласында орнатылған жарықтандыру тірегінің жанында болған еді.
- Ислам орнынан тұра алмады, денесі селкілдеп, қалшылдай бастады, - дейді Роза апа. - Мен оны тоқ соққанын бірден түсінбедім. Оны орнынан тұрғызайын деп жақындаған кезде, денем дір ете түсті. Сол кезде тоқ тартқанын түсіндім. Үйіміздің жанында тұрған ересек балалардан көмек сұрадым. Таяқ тауып алып, Исламды өзімізге қарай жылжыта бастадық. Оны жерден көтеріп алып, балаларға оны құмсалғышқа апарып, үстіне құм сеуіп тастаңдар дедім. Осы әрекетті тоқ соққан кезде көмегі болады деп оқыған едім. Бұл кезде Исламның көздері айналып, тыныс алмай қалды, көз алдымызда одан айырылып қалдық. Содан кейін ішінің қозғалғанын байқадым да: «Тірілді!» - деп айқайладым.
Ауруханада балаға «Электр жарақаты. I-V саусақтардың, оң білезік-саусақ қырының электр күйігі. Травматикалық шок» диагнозы қойылды.
Қазір Ислам үйінде тұрғылықты жеріндегі емхана дәрігерлерінің бақылауымен емделіп, хирург пен невропатологқа тексерілуде. Анасы Гүлжихан КҮМІСБАЕВА төрт баланы жалғыз тәрбиелеп отыр, Ислам оның үшінші баласы. Гүлжихан электр жарақатының салдарынан қорқып, ұлының жағдайына алаңдайды. Оның айтуынша, Ислам басым ауырады деп жиі шағымданатын болған, сәл шу, мысалы, ұялы телефон қоңырауының дыбысы қатты әсер етеді екен. Бұл ғана емес.
- ЭКГ оның жүрегінде кінәрат бар екенін көрсетті. Түнде ұйықтай алмайды, ұйықтайтын дәрі беруге тура келеді. Тәбеті жоқ, сыртқа да шыққысы келмейді ... Ол әлі травматикалық шоктан айыға алмаған сияқты, оның зардабы қалай болатынын әлі білмейміз, - дейді Гүлжихан көзіне жас алып.
ЭЛЕКТР ЖЕРГЕ ТҰЙЫҚТАЛМАҒАН
Қазір осы оқиғамен полиция айналысуда. ҚР ҚК-нің 156-бабының 1-тармағы («Қауіпсіздік техникасы қағидаларын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер жүктелген адам жасаған, абайсызда денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соққан бұзуы») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір жарықтандыру тірегінің жерге тұйықталмай орнатылғаны белгілі болды, ал бұл өрескел заң бұзушылық.
Оны былтыр ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің құрылымына кіретін «Еңбек-Атырау» филиалының орнатқанын анықтадық. Осы оқиғадан кейін олар тұрғын үйдегі негізгі қалқаннан тірекке берілетін электр қуатын ажыратып тастады.
Біз қалалық әкімдікке сауал жолдап, мынадай (қысқаша) жауап алдық: "2019 жылдан бастап көппәтерлі тұрғын үйлердің 50 ауласын жарықтандыру жобасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жоба құны - 354 миллион теңге. Бүгінде 512 жарықтандыру тірегі орнатылды (95% қамтылған). Тапсырыс беруші - қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі. Нысан әлі тапсырыс берушінің балансына берілген жоқ, сондықтан бұл жағдайда барлық жауапкершілік мердігерге жүктеледі".
Осы жерде мынадай сұрақ туындайды: егер нысан балансқа қабылданып, пайдалануға берілмесе, неліктен электр желісіне қосылған? Біз бұл сұрақты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне қойдық. Олар төмендегіше жауап берді:
- Қараңғы түскенде қылмыстың жиілегеніне шағымданған тұрғындардың өтініші бойынша мұндай объектілерге электр қуаты ішінара қосылды. Иә, осы объектіге электр қуатын қосуға рұқсат берген қалалық ТКШ бөлімінің де кінәсі бар. Қазір «Еңбек-Атырау» орнатқан жарықтандыру тіректерінің барлығында электр қуаты ажыратылды, бұл нысандар тексеріліп жатыр.
БҰЛ МЕРДІГЕРГЕ ҚОЙЫЛҒАН АЛҒАШҚЫ ТАЛАП ЕМЕС
Материалды дайындау барысында бұл мердігерге қойылған алғашқы талап емес екені белгілі болды. Исламға қатысты болған оқиғаға дейін қала әкімшілігіне қауіпті электр нысандарына, оның ішінде 50 ауланы жарықтандыру жобасы бойынша «Еңбек-Атырау» орнатқан электр желілері туралы бірнеше рет шағым түскен екен. Осыған байланысты, 4 тамызда қалалық ТКШ бөлімі жанынан осы нысандарды және осы мердігердің жұмысын тексеретін топ құрылған.
... Исламның анасы Гүлжиханның айтуынша, осы оқиғадан кейін үйіне қалалық ТКШ бөлімінен келіп, кешірім өтініп, көмек қажет пе деп сұраған. Гүлжихан ауруханада жатқан баласына бару үшін көлік жағынан көмектесуді сұрапты.
- Жақында тағы да қалалық ТКШ бөлімінен келіп, маған материалдық көмек ретінде 50 мың теңге берді. Осы оқиғадан кейін мен де көз іле алмайтын болдым, зомби сияқтымын - баламның денсаулығына алаңдаймын , - дейді Гүлжихан. - Наурызда, басқалар сияқты, мен де жұмыссыз қалдым. Қазір тек 44 500 теңге бала жәрдемақысын аламын , ал пәтер жалдау құны - 60 мың теңге. Тамағымызға әзер жетеді, пәтер ақысын төлеуге әзірге туыстарым көмектесіп тұр.
Гүлжихан әлі де қалалық ТКШ бөлімі мен «Еңбек-Атырау» мекемесінен моральдық және материалдық шығынды өтеулерін талап етпек.
Айнұр САПАРОВА
Куәгерлер жолдаған бейнежазба
В Атырау 0