Атырау, 26 қараша 00:30
 ашықВ Атырау -2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Беларусь ОСК басшысы: Тихановскаяның видео мәлімдемесі менің кабинетімде түсірілді

Бейнежазба
2 630 просмотра

Беларусьтегі президент сайлауынан кейін бас үміткерлердің бірі саналған Светлана Тихановская видео мәлімдеме жасап, көшедегі наразылықты тоқтатуға шақырған. Беларусь орталық сайлау комиссиясының басшысы Лидия Ермошина мәлімдеменің видеоға өзінің кабинетінде түсірілгенін растады. Оның айтуынша, кабинетте сондай-ақ құқық органдарының екі шенеунігі болған, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

"Комсомольская правда Беларусь" басылымына берген сұхбатында Ермошина Тихановская жақтастарының күдігін растады. Олар осының алдына видео мәлімдеменің орталық сайлау комиссиясы ғимаратында түсірілгенін айтып, мәлімдеменің өзін бопсалау мен қысым көрсетудің нәтижесі деп атаған болатын. Ермошинаның айтуынша, оппозициялық кандидат Тихановская 11 тамыз күні ОСК-ға келіп, президент сайлауының ресми нәтижесіне шағым өткізбек болған.

"Біз оны менің кабинетіме шақырдық. Өйткені онымен құқық қорғау органдарының екі жоғары шенді қызметкері кездескісі келді. Мен оларды таныстырдым, ол (Тихановская – ред.) адвокатымен бірге солармен қалды. Мен кетіп қалдым" деді Ермошина.

Тихановскаяның адвокаты кандидаттың құқық қорғау органдары қызметкерлерімен сөйлесуі кезінде кабинетте болмағанын айтты. Оның сөзінше, ол бірнеше сағатқа созылған сөйлесу кезінде ОСК басшысымен бірге болған.

Осы оқиғадан кейін бірнеше сағат өткен соң Тихановская Литваға кеткен. Сол жерден ол жаңа мәлімдеме жасап, "балаларына барғысы" келгенін айтты. Ал наразылыққа шықпауға шақыратын алғашқы видео мәлімдемені бірінші болып билікшіл аноним Telegram каналы жариялады.

14 тамыз күні Тихановская жаңа мәлімдеме жасап, жақтастарын 15-16 тамыз күндері жаппай қарсылық акциясын өткізуге шақырды. Сонымен қатар кандидаттың атынан биліктің бейбіт жолмен ауысуы жөніндегі үйлестіру кеңесін құру ұсынысы айтылды.

Кеше, 14 тамыз күні Беларусьтегі президент сайлауының ресми нәтижесі жарияланды. Оған сәйкес, Александр Лукашенко 80 пайыздан астам дауыс алған. Беларусьтің ондаған қаласында өтіп жатқан қарсылық акцияларына қатысушылар сайлау нәтижесі бұрмаланған деп санайды. Ермошинаның сөзінше, Тихановскаяның сайлау нәтижесіне қатысты ресми шағымы қабылданбаған.

"Бізде таңдау жоқ қой. Егер адам бізді [сайлау нәтижесін] қайта қарап, жеңісті Тихановскаяға бере салады деп ойласа, олай болмайды. Егер олар айтқандай құқықбұзушылықтың болғаны расталса, онда сайлау жарамсыз деп танылып, үш ай ішінде жаңа үміткерлермен жаңа сайлау науқаны өтеді" деді Ермошина. ОСК басшысы Минскідегі және өзге қалалардағы жағдайды "түрлі-түсті революция" жасаудың талпынысы деп бағалады.

15 тамыз 2020, 19:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.