Атырау, 24 сәуір 14:32
 ашықВ Атырау +19
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Атырау облысында коронавирусқа қатысты шектеулер жаздың соңына дейін ұзартылды (Қаулы)

8 427 просмотра

Атырау облысының бас санитар дәрігері Қ. Ғайнеденов облыстағы шектеу шараларын 31 тамызға дейін ұзарту туралы қаулы шығарды.

Атырау облысы тұрғындары арасында коронавирус инфекциясы індетінің алдын алуға қатысты шаралар туралы

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі №360-VI Кодексінің 104-бабын басшылыққа ала отырып, коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында, облыс аумағында жағдайлардың одан әрі тіркелуін ескере отырып, адамдардың өмірін, денсаулығын қорғау және Атырау облысының тұрғындары арасында коронавирус инфекциясының таралуын азайту мақсатында, 

ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Атырау облысының аумағында 2020 жылғы 17 тамыз сағат 00:00-ден 31 тамыз сағат 00.00-ге дейін шектеу шаралары ұзартылсын.

2. Бес жасқа дейінгі балаларды, қоғамдық тамақтану орындарында тамақтану жағдайларын, жеке және 5 адамнан аспайтын топтық спортпен айналысатын адамдарды қоспағанда, әлеуметтік қашықтықты міндетті түрде сақтай отырып, қоғамдық орындарда, қоғамдық көлікте, халыққа қызмет көрсету және демалуға арналған ғимараттарда, ашық ауада медициналық немесе мата бетперделерін кию міндетті.

3. Атырау облысының аумағында мынадай шектеу шаралары ұзартылсын:

1) тұрғындар мен автокөліктер қозғалысына сағат 23.00 ден 6.00 аралығында, әкімдік, құқық қорғау органдарының, жедел және шұғыл медициналық қызмет көрсету қызметкерлері, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет және тіршілікті қамтамасыз ету нысандары қызметкерлерін, сондай-ақ жұмыс орнынан анықтама (немесе қызметтік куәлік) болған жағдайда облыстың, қаланың, аудандардың және үздіксіз циклдегі кәсіпорындардың тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің жұмыскерлерін қоспағанда  жүруге тыйым салынсын;

2) Нұр-Сұлтан қ., Алматы қаласы., Ақтөбе және Маңғыстау облыстары бағыттары бойынша жолаушылар темір жол тасымалы тоқтатылсын;

3) қалааралық, ауданаралық және қала маңындағы жолаушылар автобус тасымалы тоқтатылсын;

4) думанды, ауқымды спорттық шаралар, көрме, форум, конференция, сондай-ақ, отбасылық, еске алу (банкет, той, мерейтой, садақа), оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де шаралардың өткізілуіне тыйым салынсын;

5) ойын-сауық орталықтарының (бильярд, компьютерлік клуб, кальян, букмекерлік кеңсе, түнгі клуб, боулинг орталықтары, кинотеатр және басқа да ойын-сауық мекемелерінің) қызметіне тыйым салынсын;

6) барлық мәдени нысандар қызметіне (театр, концерттік зал, мұражай, көрме және т.б.) тыйым салынсын;

7) діни орындар қызметі (мешіт, шіркеу, ғибадатхана, синагог және т.б) тоқтатылсын;

8) фудкорт, банкет залдары, бар, караоке  қызметіне тыйым салынсын;

9) қоғамдық жағажай, аквапарк, бассейндердің қызметіне тыйым салынсын;

4.Атырау облысының аумағында мынадай жеңілдететін шаралар қабылдансын:

1) 06.00-ден 23.00-ге дейін, отыратын орындар санына сәйкес адам толтырып, қарбалас уақытта жүретін автобустар санын көбейтіп, кондуктор белгілеп, дезинфекциялау құралдарымен өңдеп және соңғы аялдамада  барлық есіктерді ашып отырып, қоғамдық көліктің жұмысын қайта бастауға рұқсат етілсін;

2) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, бір адамға 4 шаршы метр есебінен әлеуметтік қашықтықты ескеріп, ішін адамдармен 30 пайыздан асырмай толтырып, сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлері (бутик) және сауда желілерінің қызметіне рұқсат етілсін;

3) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтаған жағдайда  15 баладан аспайтын кезекші топтарын  ұйымдастырып, мектепке дейінгі мекемелердің қызметіне рұқсат етілсін;

4) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, алдын ала жазылу бойынша 5 адамнан аспайтын топпен балалар түзету кабинеттері, балалар мен ересектердің  оқу орталықтары, оңалту орталықтарының қызметіне рұқсат етілсін;

5) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, алдын ала жазылу бойынша бір адамға кемінде 4 ш. м. есебінен СПА-орталықтары, сұлулық салондары, шаштараз, косметикалық және косметологиялық қызметтер көрсететін орталықтар мен салондардың, маникюр және педикюр қызметтеріне рұқсат етілсін;

6) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, бактерицидті лампалармен бір адамға кемінде 5 ш. м. есебінен жаттығу залдарының, фитнес-орталықтардың (бассейндерсіз), спорт секцияларының, спорттық-сауықтыру орталықтарының қызметіне рұқсат етілсін;

7) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, бір адамға 4 ш. м. дейін деп есептеп, қоғамдық монша, сауна (бассейндерсіз) қызметіне рұқсат етілсін;

8) жабық азық-түлік және заттай сауда базарлардың ішіне келушілер санын жалпы 30%-нан асырмай, күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, 1 келушіге 4 шаршы метр есебінен әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, жұмыс істеуіне рұқсат етілсін;

9) мемлекеттік органдардың (ұйымдардың, кәсіпорындардың), квазимемлекеттік секторлардың, ұлттық компаниялардың, өзге де ұйымдардың, сондай-ақ қызметтері рұқсат етілген кәсіпкерлік субъектілердің қызметіне әлеуметтік қашықтықты және күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық  режимді сақтай отырып рұқсат берілсін. Сонымен бірге қызметкерлердің кемінде 80% -ы (штат кестесінде 30-дан астам қызметкер болғанда) қашықтан жұмыс режимі сақталсын;

10) меншік нысанына қарамастан, медициналық ұйымдардың қызметіне алдын-ала тіркелу арқылы күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді, аймақтарға бөлу талаптарын сақтай отырып рұқсат берілсін;

11) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық  режимді сақтай отырып, тұрғын үй қызметтерін (қонақ үйлер) ұсыну саласындағы объектілердің қызметіне рұқсат берілсін;

12) бір мезгілде жабық ғимараттарда 30 адамнан асырмай, ашық алаңдарда 50 адамнан асырмай, кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты және  күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, бір отбасы мүшелерін қоспағанда бір үстелге 4 адамнан жиналып отыруға рұқсат етіп, қоғамдық тамақтандыру объектілерінің (кафелер, мейрамханалар және басқалар) қызметі іске қосылсын;

13) күшейтілген санитариялық және дезинфекциялық режимді сақтай отырып, үздіксіз өндірістік циклдегі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметіне, ашық ауада қызмет көрсететін құрылыс жұмыстарына, ауылшаруашылығы, балық және мал шаруашылығы жұмыстарына  рұқсат берілсін;

14) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, автомобиль жуу және жөндеу, шиномонтаж жұмыстарына  және халыққа тұрмыстық қызмет көрсету қызметіне  рұқсат берілсін;

15) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, бизнес орталықтардың (адвокат, нотариус, бухгалтерлік және кеңес беру қызметтері, жылжымайтын мүлік агенттіктері, жарнама агенттіктері, сот орындаушылары және басқалар) қызметіне рұқсат берілсін;

16) ХҚКО (оның ішінде мамандандырылған ХҚКО)  жұмысын портал арқылы алдын ала брондау бойынша ұйымдастыруға рұқсат берілсін, Egov.kz, жеделхат-бот EgovKZBBot 2.0 жұмыс күндері сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін, CaII орталықтарының жұмысы сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін, мамандандырылған ХҚКО демалыс күндері сенбі күні сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін, жексенбі күні сағат 09.00-ден 15.00-ге дейін, күшейтілген дезинфекциялық-жинау режимін сақтай отырып жұмысына рұқсат берілсін;

17) күшейтілген санитариялық және дезинфекциялық режимді сақтай отырып, «Қазпочта» АҚ жұмысына сағат 9.00-ден 20:00-ге дейін рұқсат етілсін және онлайн режимінде максималды қызмет ұсыну жұмысы ұйымдастырылсын;

18) саябақ пен жағалауда бір  отбасы мүшелерін қоспағанда, 3 адамнан асырмай топтасып жүруге рұқсат берілсін;

19) ашық ауада жеке және топтық жаттығуларға (5 адамнан асырмай), ұлттық құрама, клуб командалары үшін спорттық жаттығуларға (30 адамнан асырмай, байланыссыз термометрияны пайдалана отырып, спорт базаларында) рұқсат етілсін);

20) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің актісіне сәйкес, қаржы нарығы субъектілерінің, екінші деңгейлі банктердің қызметіне шектеулі жұмыс уақытымен сағат  9.00-ден 18.00-ге дейін рұқсат берілсін;

21) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, дәріханалардың қызметіне рұқсат берілсін;
22) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, қала сыртындағы демалыс базаларының жұмысына рұқсат берілсін;

5. Демалыс күндері келесі шектеу шаралары ұзартылсын:

1) халықтың қозғалысын шектеу;

2) қоғамдық көліктің жұмысын тоқтата тұру;

3) 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуын шектеу;

4) сауда және ойын-сауық орталықтары (бутик), сауда үйлері, сауда желілерінің қызметін тоқтата тұруға;

5) заттай сауда-саттық және азық-түлік сататын жабық базарлардың қызметін тоқтата тұруға;

6) СПА-орталықтары, сұлулық салоны, шаштараз, косметикалық және косметологиялық қызмет көрсететін орталық пен салондардың, маникюр және педикюр қызметін тоқтата тұруға; 

7) балалар түзету кабинеттері, балалар мен ересектердің  оқу орталықтары, оңалту, фитнес орталықтарының, монша мен сауналардың қызметін тоқтата тұруға міндетті.

6. Қала, аудан әкімдеріне, мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерге, кәсіпкерлік субьектілерге:

1) жоғарыда көрсетілген талаптарды орындауды қамтамасыз етсін;

2) жұмысы уақытша тоқтап тұрған (демалыс күндері) сауда орталықтары және сауда үйлерінде, базарларда, қоғамдық көліктерде, азық-түлік және заттай сауда орындарында, қызмет көрсету саласындағы объектілерде және басқа да адамдар көп жиналатын орындарда ауқымды дезинфекциялық жұмыс жүргізілсін.

3) InfoKazakhstan.kz сайтынан электронды форматта берілетін санитариялық нормаларға сәйкестік актісі негізінде объектілердің жұмысын жандандыруды қамтамасыз етсін;

4) объектілердің жұмысын қайта бастауға дайындығын бақылау жергілікті атқарушы органдарға жүктелсін.

7. Жұмыс істеп тұрған сауда объектілерінің меншік иелері міндеттелсін:

1) санитариялық және дезинфекциялық шараларды сақтай отырып, объектілердің рұқсат етілген режимде үздіксіз жұмыс істеуін;

2) қызметкерлерде  жеке  қорғану  құралдары болуын (медициналық маска, қолғап және т. б.);

3) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен бірінші қажеттілікке жататын тауарлардың, дәрі-дәрмек пен жеке гигиеналық құрал бағасының өсуін болдырмауын;

4) азық-түлік өнімдерінің буып-түйілген күйінде сатылуын (нан, кондитерлік өнімдер және кептірілген жемістер) қамтамасыз етсін.

8. Теңіз аумағында бұған дейін енгізілген карантин режимі сақталсын.

9. Атырау облысы ішкі саясат басқармасы Атырау қаласының әкімдігімен және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, қосымша қабылданған шаралар туралы халықты жаппай хабардар етсін.

10. Атырау облысы полиция департаменті қосымша шектеулердің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында патрульдік шаралар ұйымдастырсын, жоғарыдағы талаптардың сақталмау фактілері тіркелген жағдайда, дереу тиісті әкімшілік шараларды қабылдасын;

11. Жедел  штаб шектеу шараларының орындалысына мониторинг жүргізсін;

12. Атырау облысы әкімі, қала және аудан әкімдері, мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары және Атырау облысындағы арнайы органдар қамтамасыз етсін:

1) осы қаулыда бекітілген рұқсат пен тыйым салу шараларының орындалысын бақылауды; 

2) қызметі рұқсат етілген нысандарда карантиндік шаралар мен санитариялық-дезинфекциялық режимнің сақталуын бақылауды;

3) тәртіптің бұзылғаны анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексіне сәйкес, құзыреті аясында тиісті әкімшілік шараларды қабылдауды.

13. Аталған қаулының орындалысын бақылауды өзіме қалдырамын.

14. Қаулы қол қойылған күннен бастап заңды күшіне енеді.

Атырау облысы Бас мемлекеттік санитар  дәрігері Қ.Ғайнеденов

15 тамыз 2020, 18:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.