Әлеуметтік желіде 18 жастағы грэпплингтен Азия чемпионы Есенбек Сиғуатовты өлтірді деген күдіктінің Атырау облысы полиция департаментінің қызметкері екендігі туралы ақпарат пайда болды. Ал кісі өлімімен аяқталған төбелестен кейін қала маңындағы Дамбы ауылының тұрғындары облыс әкіміне ашық хат жолдады.
- Біз полицияға жастар арасында жанжал, төбелестің жиілеп кеткені туралы бірнеше рет хабарладық. Бірақ қазіргі қайғылы оқиғадан кейін құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай шара қолданылмағанын көріп отырмыз. Өзіміздің және балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдаймыз, - делінген хатта.
Хатта сонымен қатар кісі өліміне байланысты су полициясы қызметкерлерінің ұсталғаны және Сиғуатовқа атылған тапаншаның полицей шенеунігіне тиесілі екені, өйткені күдікті оның туысы екені айтылған. Алайда, ПД баспасөз қызметі мұның бәрін жоққа шығарды:
- 9 тамызда қала маңындағы Дамбы ауылында болған кісі өліміне Атырау облысы Полиция департаменті қызметкерлерінің еш қатысы жоқ. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жария етілмейді.
Қазіргі уақытта 26 жастағы күдікті тергеу изоляторына қамалған.
Фархат ӘБІЛОВ