Атырау, 29 наурыз 17:42
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

42500 теңге алсаң - медициналық сақтандыру мәртебесін тексер

4 430 просмотра

Көктемде 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек алғандар енді жағымсыз тосынсыйға тап болуы мүмкін.  Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлегеннен кейін кейбіреулер медициналық сақтандыруынан айырылған. Бірақ медициналық көмек алу үшін емханаға жүгінбегендіктен олар бұл туралы әлі білмейді.

Әріптесіміз – мемлекеттік емес БАҚ қызметкері осындай жағдайға тап болыпты. Күндізгі стационарға өз емханасынан ем алуға барған екен. Ал оған сәуір айынан бастап ақша аударылмауына байланысты қызмет көрсетуден бас тартқан. Яғни, ол енді сақтандыру жүйесіне қатысушы емес. Ең қызығы – заң бойынша кәсіпорын бұл жарнаны аударуға тиіс емес. Өйткені МӘМС туралы Заңның 29-бабы 4-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры үшін жарналар 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап 1 қазанына дейін мемлекеттік емес БАҚ-тардың (телевидение мен баспа басылымдары) қызметкерлерінің кірісінен ұсталмайды. Бірақ бұл туралы сәл кейінірек тоқталамыз.

Ал әзірге ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі № 224 қаулысына байланысты 2020 жылғы 1 сәуірден бастап 1 қазанға дейінгі кезеңде мынадай салықтар мен әлеуметтік төлемдердің: төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығының; жеке практикамен айналысатын тұлға дербес төлейтін жеке табыс салығының; дара кәсіпкердің өзі үшін төлейтіндерін қоспағанда, әлеуметтік салықтың, міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының, әлеуметтік аударымдардың, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы мен аударымның мөлшеріне "0" коэффициенті белгіленгенін атап өтейік.

Мұның бәрі 29 қызмет түрі бойынша қызметін жүзеге асыратын микро, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілерінің және жеке практикамен айналысатын тұлғаларға: мектепке дейінгі жеке білім беру орталықтары, туристік агенттік, кинотеатр, фитнес-клуб, сауда орталықтары және т.б. қатысты қолданылады. Бұл тізімді ғаламтордан оңай табуға болады. 2 шілдеден бастап олардың қатарына біз, мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарының да қосылғанын айта кетейін.

Ресми статистикаға сәйкес, ШОБ-тың 29 санатындағы шағын және орта кәсіпорынның 800 мыңнан астам қызметкері 1 қазанға дейін МӘМС аударымдары мен жарналарын төлеуден босатылды. Қолдау шарасы іске қосылу үшін жұмыс беруші ай сайын есеп беретін кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей электронды форматта өз қызметкерлерінің тізімін ұсынуға міндетті. Қызметкердің жалақысынан салық пен әлеуметтік төлемдер, оның ішінде МӘМС бойынша жарна аударылмайтынына қарамастан, олар медициналық сақтандыру пакетіне толық қол жетімді болады. Бұдан басқа, МӘМС жарналары осы жылдың наурыз айында эпидемияға қарсы іс-шараларға жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне төленетін үстеме ақыдан ұсталмайды.


МИНИСТРЛІК НҰСҚАУЛЫҒЫ

Төтенше жағдай кезінде ҚР «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңына сәйкес, жарналар мен аударымдар төлеуден босатылған азаматтар: жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; 3 жасқа дейінгі баланың жұмыс істемейтін заңды өкілдері;  мүгедек балаға күтім жасап отырған жұмыс істемейтін адамдар; бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар; жұмыс жасамайтын оралмандар; жұмыс жасамайтын атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдар әлеуметтік төлем алу үшін бірыңғай жиынтық төлем БЖТ төлегені белгілі. Осылайша, олар автоматты түрде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына өтіп, жеңілдік санатындағы мәртебесінен айырылды. Бұл жағдайдың жаппай орын алғаны соншалық, Денсаулық сақтау министрлігі жекелеген жеңілдік санатындағы адамдарға МӘМС жүйесінде уақытша сақтандыру мәртебесін беру туралы хат пен нұсқаулық дайындады.

- Бұл проблема анықталып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өзінің ақпараттық жүйелерінде олардың нақты мәртебесін қалпына келтірді. Түрлі себептермен мәртебе жоғалту жағдайларын болдырмау үшін жеңілдік санаттары бойынша барлық дерекқорларды қосымша тексеру арқылы жеңілдік санатындағы адамдарды сәйкестендіру жұмыстары жалғасуда. Осыған байланысты, жұмыста пайдалану үшін 2020 жылдың 1 шілдесінен осы жылдың 1 қазанына дейінгі мерзімде МӘМС жүйесінде жекелеген жеңілдік санатындағы адамдарға уақытша сақтандырылған мәртебе беру туралы нұсқаулық әзірленді. «Saqtandyry» АЖ-де растайтын құжаттары бар мұндай тұлғалар анықталған жағдайда сақтандырудың уақытша мәртебесі беріледі, - делінген Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат ШОРАНОВТЫҢ қолы қойылған хатта.

Нұсқаулықта №224 қаулыға сәйкес, МӘМС жүйесінде «медициналық қызметтерді тұтынушы» уақытша мәртебесін жоғарыда аталған жеңілдік санатындағы адамдарға, микро, шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне беру тәртібі туралы егжей-тегжейлі айтылған. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 2 шілдедегі Заңының 1-бабы 2-тармағының 1-тармақшасына сәйкес, нұсқаулық мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдары (теледидар және баспа басылымдары) қызметкерлеріне де қатысты. Бұл нұсқаулық қызметкерге «медициналық қызметтерді тұтынушы» уақытша мәртебесін алуға мүмкіндік береді.


УАҚЫТША МӘРТЕБЕ АЛУ

Егер жеңілдік санатына жататын емделуші өзінің «медициналық қызметтерді тұтынушы емес» мәртебесіне ие екенін кенеттен байқаса, онда ол өзінің мәртебесін растайтын құжаттарды: жұмыс істемейтін жүкті әйелдер - жүктілік туралы анықтаманы, жұмыссыздар - жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтаманы, мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар - баланың туу туралы куәлігін және оның мүгедектігі туралы анықтаманы, жұмыс істемейтін қандастар - оралман куәлігі мен жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы куәлікті және т.б. ӘМСҚ-ға Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы жібере алады.

ӘМСҚ қызметкерлері бұл құжаттарды қордың «Saqtandyry» ақпараттық жүйесіндегі, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтермен салыстырып тексеруі керек. Егер адам шынымен де жеңілдік санатына жататын болса, «Saqtandyry» АЖ оған бір айға «медициналық қызметтерді тұтынушы» мәртебесін береді.


СҰРАҚТАР

Әрине, осы мерзім өткеннен кейін адам не істеуі керек, уақытша мәртебені тұрақтыға қалай өзгертеді деген сұрақ туындайды.

- Уақытша мәртебе алу пациентке қазіргі уақытта қажетті емін алып, денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Содан кейін жеңілдік алушы санатындағы адам тұрақты мәртебе мәселесін шешу үшін әлеуметтік қорғау органдарына жүгінуі керек, - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Атырау филиалының директоры Сәбит ҚҰРАЛБЕК. - Менің білуімше, мұндай жағдайлар көп емес. Еңбек министрлігі бұл мәселені анықтаған кезде, жеңілдік алушылардың нақты мәртебесін қалпына келтірді, бірақ адамдар тізімнен шығып қалған бірен-саран қателіктер болуы мүмкін.

- Атырау облысында осындай жағдайлар бар ма? Жеңілдік алушы санына кірмейтін адамдар немесе ол жұмыс істейтін басымдыққа ие қатарына қосылмайтын, бірақ әлдебір себептермен сақтандыру жарнасын төлемеген кәсіпорындар не істейді?  

- Бізде мұндай шағым болған жоқ, бірақ басқа облыстарда осындай жағдай бар екенін білемін. Айталық, осы жылдың шілде айында әйел жүктілігі бойынша есепке тіркелді. Енді ол жеңілдік санатына енеді, бірақ тек шілде айынан бастап. Ал оның жұмыс берушісі өткен айларда қажетті аударым жасамаған. Жүйе былай жасалған: егер пациентте кемінде бір айға аударым жасалмаған болса, оған «медициналық қызметтерді тұтынушы емес» мәртебесі беріледі. Мұндай жағдайда бұл әйелге өткен айлар үшін сақтандыру төлемін өзі төлеуіне болады. Ең төменгі жалақының 5%-ы мөлшерін кез-келген екінші деңгейдегі банк, «Қазпошта» немесе «Kaspi Bank» мобильді қосымшасы арқылы төлей алады. Ақша шотқа сол бойда түспейді, бірақ емханада төлем туралы түбіртекті көрсетіп, медициналық қызмет ала алады, - деп жауап берді С.Құралбек.

Енді әріптесімізге оралайық. Нұсқаулықта жалдамалы қызметкерлерге «медициналық қызметтерді тұтынушы» мәртебесін беру үшін ШОБ немесе ірі кәсіпкерліктің жұмыс берушілері, мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдары МӘМС бойынша жарна мен аударымдарды төлеуден босатылған адамдардың ай сайынғы тізімдерін ЖСН-мен бірге есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей «Saqtandyry» АЖ-не ұсына алатындығы көрсетілген. Қор «медициналық қызметтерді тұтынушы» мәртебесін 2020 жылғы қаңтар-сәуір аралығында алынған төлем тапсырмасына сәйкес, жұмыс берушілердің қызметкерлерге төлеген МӘМС аударымдары мен жарнасын ескере отырып тағайындайды.

Бірақ бұл шартты орындау оңай болмады. «Saqtandyry» жүйесі бастапқыда №224 қаулыға енгізілмеген кәсіпорынды негізгі экономикалық қызмет түрлері жіктемесіне қабылдамады. Осы мәселе бойынша ӘМСҚ кәсіпорынға «азаматтарға арналған үкімет» пен мемлекеттік кірістер департаментімен жүгінуді ұсынды. Ал қызметкердің бұл мәселенің шешілуін күтуге уақыты болмады, сондықтан ол қажетті жарналарды өзі төледі.

Айтпақшы, сіз сақтандырылғансыз ба, жоқ па - fms.kz сайтынан өз мәртебеңізді тексере аласыз. Оң жақта, экранның ең төменгі жағында жыпылықтайтын «Мәртебені анықтау» плагинін басып, өзіңіздің ЖСН-іңізді енгізіңіз. Мен сақтандырылған екенмін.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

13 тамыз 2020, 19:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.