Беларусьте жаппай наразылық акциясы сәрсенбі күні де жалғасты, төртінші күн қатарынан жүріп жатыр, деп хабарлайды zakon.kz centralasian.org-ке сілтеме жасап.
Наразылық білдірушілер билік президенттік сайлау нәтижесін бұрмалап, қазіргі президент Александр Лукашенконың пайдасына шешті деп есептейді. Ол алтыншы жыл қатарынан сайлауға түсіп жатыр. Бұл жолы Орталық сайлау комиссиясы нәтижесі бойынша 80 процент дауыс жинаған.
12 тамызда Минскі метрополитені қауіпсіздік үшін "Октябрь", "Купалов", "Ленин алаңы", "Жеңіс алаңы" станцияларын жапқанын мәлімдеді. Соған қарамастан метро станциялары маңында наразылық білдірушілер жинала бастады.
Бір топ белсенділер Жеңіл алаңына қарай жүре бастады. Наразылық білдірушілер қолдарын көтерген, кейбірі гүл ұстаған. Көлікпен жүріп бара жатқандар оларды қолдап белгі берген деп хабарлайды "Интерфакс".
"Петровщин" метросы жанындағы қарсылық білдірушілер Дзержинский даңғылын жапты. Мұнда ОМОН өкілдері келіп, оларды қуған. Бірақ бәрібір акцияға шыққандар жиналып жатты деп жазады Tut.By.
Азаттықтың беларусь қызметінің хабарлауынша, Гомель қаласында полиция жасағы ұстағаннан кейін 25 жастағы тұрғын қаза тапқан. Ол ауруханада көз жұмған. Радио Свобода бұл хабарды қайтыс болған жігіттің анасының сөздеріне сілтеме жасап жеткізді. Айтуынша, ұлы Александрдың жүрегінде ақауы болған. Ол наразылыққа шықпаған.
Алдыңғы үш күнде де наразылыққа шыққан халықты полиция жасағы күшпен басып, ұрып-соғып жатты. Сәрсенбі күні күш құрылымы Брест қаласында халыққа қарсы қару қолданған.