Атырау, 20 мамыр 08:13
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +17
$ 431.41
€ 452.94
₽ 6.92

БАС ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНДАҒЫ САЙЛАУ

PR
2 877 просмотра


ҚР Ұлттық Ғылым академиясы 2017 жылдан бері босаған орындарға корреспондент-мүшелер мен толық  мүшелердің кезекті сайлауын өткізді.

Сайлау ҚР ҰҒА Жарғысы мен Президиум шешіміне сәйкес биылғы жылдың 26 маусымында академияның жалпы жиналысының сессиясында өтті. Жарияланған 25 бос орынға жасырын дауыс беру арқылы 24 корреспондент-мүше сайланды. Конкурс бір орынға 4-5 үміткерді құраған болатын.

Академияның   Физика, математика және информатика бөлімшесі бойынша корреспондент-мүше болып Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Ихсанов Ерсайын Уалитханұлының сайланғанын хабарлаймыз.  Ол бұрын-соңды еліміздің бас академиясының мүшесі болып сайланған біздің облыстың жоғары оқу орындарының алғашқы ректоры. Бұл облысымыздың рухани өміріндегі қуанышты оқиға екендігі сөзсіз.

Ихсанов Ерсайын Уалитханұлы - Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Инженерлік Академиясының, ҚР Ұлттық Жаратылыстану Ғылымдары Академиясының және Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол дифференциалдық теңдеулер, аспан механикасы және ғарыштық динамика салаларындағы елімізге белгілі ғалым.

Е.В.Ихсанов Атырау облысы Құрманғазы ауданы Котяевка ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының математика факультетін, 1976-1979 ж.ж.  «Дифференциалдық және интегралдық теңдеулер» мамандығы бойынша осы институттың аспирантурасын бітірген.

Ол ғалым ретінде М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің, Мәскеу авиация институтының және КСРО Ғылым академиясының Теориялық астрономия институтының ғылыми мектептерінде «Динамикалық симметриал спутниктің конустық прецессиясынан туындайтын периодты қозғалыстары» тақырыбында кандидаттық диссертацияға байланысты жүргізілген ғылыми зерттеулері барысында қалыптасты. Бұл  зерттеулер КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Е.А.Гребениковтың және белгілі ғалым, профессор А.Г. Сокольскийдің ғылыми жетекшілігі арқылы жүргізілді. Нәтижесінде ол регулярлық прецессиялар аймағындағы периодты қозғалыстарды сандық әдістер арқылы тұрғызу бойынша фундаментальды зерттеулер орындап, айтарлықтай жаңа нәтиже алуға қол жеткізді.

Е.У.Ихсановтың ғылыми зерттеулеріндегі ерекше орын алатын негізгі тарау – Теориялық космостық динамикадағы аспан денелерінің қозғалыстарын айқындайтын модельдердегі гамильтондық дифференциалдық теңдеулер жүйесінің стационар шешулерінің бар болуы және орнықтылығы мәселесі.

Оның «Аспан механикасының жаңа модельдеріндегі Ляпунов бойынша орнықтылық мәселелері» атты докторлық диссертациясы да осы проблематикаға арналған. Бұл еңбекте ол бұрын қарастырылмаған «резонанстық» және «резонанстық емес» жағдайлар үшін Ляпунов бойынша орнықтылық теоремалары құрастырылып,  толық дәлелденді.

Стационар шешулердің орнықтылығы мәселесіндегі ең күрделі болып табылатын «резонанстық және резонанстық емес» жағдайлардың қарастырылуы бұл зерттеулер құндылығының ерекшелігін көрсетеді. сонымен қатар, «толық емес симметриал он дененің барицентрлік шектеулі мәселесіндегі» гомографиялық шешудің орнықтылығы алғаш рет дәлелденді. Бұл өте маңызды нәтиже болып саналады, себебі осыған ұқсас шешулердің барлығында бұл жағдайда орнықтылық бұрын-соңды орын алмаған. Осы дәлелденген қағида және шығарылған фундаменталды сапалық нәтиженің практикалық қолданудағы маңызы зор, себебі бұл топологиялы жазық түрде шоғырланған жұлдыздардың орнықтылығын зерттеуге мүмкіндік береді.

Ғалымның көпжылдық шығармашылық қызметінің нәтижесі 82 ғылыми жұмыста, оның ішінде 3 монографияда көрсетілген.

Е.У.Ихсановтың барлық педагогикалық қызметі жоғары мектеппен байланысты. 1971-1991 жылдары Гурьев педагогикалық институтында оқытушы, аға оқытушы, доцент болып жұмыс істеді. 1991 жылдан 1997 жылға дейін – Атырау мұнай және газ институтының Жоғары математика кафедрасының меңгерушісі, 1997-2001 жылдары - «УНАТ» институтының Атырау филиалының директоры, 2001 жылдан - қазіргі уақытқа дейін Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ректоры қызметінде.

Ерсайын Уалитханұлының басшылығымен институт, өңіріміздің заманауи жоғары оқу орнына айналды, осы күннің талаптарына сай жоғары білікті мамандар дайындауда, олардың білім сапасын көтеруде және озық тәжірибені, жаңа технологияны оқу жүйесіне пайдалануды іске асыру бағытында үлкен жетістіктерге жетті. Білім беру бағдарламалары озық ғылым мен техниканың соңғы  үлгілеріне, коммуникациялық технологияны дамытуға бағытталған. Бәсекеге қабілетті мамандар дайындауда әлемдік тәжірибеге негізделген заманауи оқу бағдарламалары ұдайы енгізілуде.

Е.У.Ихсанов облыстың қоғамдық өміріне белсенді қатысады. Ол 4-шақырылымдағы қалалық, 5-ші және 6-шы шақырылымдағы облыстық маслихаттардың депутаты ретінде облыстың дамып өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді.  Ол Атырау облысының Құрметті азаматы.

Жоғары білімді, білікті мамандар дайындау ісіндегі және ғылымдағы қажырлы еңбегі үшін ол көптеген марапаттарға ие болды, олардың ішінде «ҚР Білім беру ісінің  құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгілерін, ғылымдағы ерекше жетістіктері үшін Оксфорд университетінің Сократ атындағы медальдарын атап өтуге болады.

2010 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен оған  «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

А.Ахметов,

Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының проректоры,

п.ғ.д., профессор

12 тамыз 2020, 14:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.

Комментарий беру ажыратылған