Беларусь Ішкі істер министрлігі ел президентін сайлауда Александр Лукашенконың жеңісінен кейін наразылық шараларынан зардап шеккендер мен ұсталғандардың санын жариялады. Мәлімет ведомство баспасөз қызметінің Telegram-каналында шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Министрлік таратқан хабарға қарағанда, екі мыңға жуық адам ұсталған және қарулы күштерден 21 адам зардап шегіп, бесеуі ауруханаға жатқызылған. Наразылық шараларына шығып, зардап шеккендер туралы ақпарат айтылмайды.
Еске салайық, 9 тамызда Беларусь тарихында алтыншы рет президент сайлауы өткен еді. Бұл жолғы сайлауда негізгі бес үміткер болған. Елде сайлау учаскелері жабылғаннан кейін жаппай тәртіпсіздіктер басталған. Жергілікті халық сайлаудың алдын ала нәтижесіне наразы болған.