Атырау, 20 сәуір 04:10
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Түрмедегі асхана

Сурет
5 048 просмотра

Қазір Атырау облысы бойынша  Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментіне қарасты тергеу изоляторы (УГ-157/1) мекемесінде 200-ден астам адам сотын күтіп отыр. Бұл адамдарды күніне үш мезгіл тамақтандыру да оңай шаруа емес. Бұл туралы «АЖ» репортажында.

Мекеменің асханасында 6 сотталған азамат жұмыс істейді. Олар сот үкімі шыққаннан кейін тергеу изоляторында  жұмыс істеуге қалған. Олар алаяқтық бойынша, ауыр салдарға әкеліп соққан жол-көлік апатын жасағаны үшін, есірткі өнімдерін сақтағаны үшін сотталған азаматтар. Тіпті, арасында кәсіби аспаз да бар.


- Осы жылы жол-көлік апатын жасағаным үшін 3 жыл бас бостандығымнан айырылып, кейін осы мекемеде жұмыс істеуге өтініш жаздым. Өтінішім қанағаттандырылып, қазір 200-ден астам адамға күніне үш мезгіл ыстық тамақ дайындаймыз, - дейді 27 жастағы жазасын өтеуші Дамир. - Сотталғанға дейін Атыраудағы ірі мейрамханаларда аспаз болып жұмыс істегендіктен, бұл жерде тамақ дайындау әдеттегі іс. Әрине мейрамханадағыдай стейк пісірмесем де, пісірген борщ, ботқаларым бәріне ұнайды.

Мекеме бастығының міндетін атқарушы Мейірбек ОРАЗҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, мекеменің асханасында санитариялық талаптар қатаң сақталып, аспаздар үнемі медициналық тексерістен өтіп тұрады.

- Пісірілген тамақты мекеме дәрігері мен кезекші тексеріп, сынама алады. Содан кейін ғана тамақ тергеуде отырған азаматтарға таратылады, - дейді Мейірбек Оразғалиев. -  Тергеуде отырғандарға күн сайын сәлем-сауқат келіп жатса да, барлығы да мекеменің ыстық тамағын күтеді.

- Ас мәзірінде ет тағамдары да, құс тағамдары да бар. Таңғы асты дайындап, таратып болғаннан соң, түскі асты дайындауға кірісеміз. Одан кейін кешкі асты әзірлейміз. Осылайша күніміз тез өтіп, бостандыққа шығатын уақытымыз жақындап жатыр, - дейді жазасын өтеуші Руслан.

- Жалақы аласыздар ма?

- Иә, жалақым 80 мың теңгенің айналасында. Сенбі-жексенбі және мереке күндері жұмыс жасағанымыз үшін үстеме ақы төленеді. Ол ақшаны үйге жібереміз, мекеме дүкенінен тауар алуға және сот үкіміне сәйкес төленетін шығындарды төлеуге жұмсаймыз.

Оразғалиевтың айтуынша, денсаулығы нашар азаматтар үшін де дәрігерлер жазып берген диеталық мәзір дайындалған:

- Олардың асы бөлек дайындалады. Ас мәзірінде жеміс-жидек, балық және сүт өнімдері бар.

Жақында осы асханада жұмыс істеген бір азамат мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан екен.

- Ол жалақысын айыппұл төлеуге жұмсап, оны толықтай өтеген соң, мерзімінен бұрын бостандыққа шықты, - дейді мекеменің тәрбие тобы бастығының м.а. Эльвира САУҒАБАЕВА.

- Шыны керек, мұндай тамақты бостандықта да жемейтін едік. Тіпті, салмақ жинап алдым, - деп күледі ұрлық үшін істі болып жатқан 27 жастағы Азамат.

- Әлеуметтік желіде тамақтың сапасына шағымданған бейнежазба таралып кеткен болатын.

- Иә, естідім, оның арнайы ұйымдастырылған провокация екенін де білемін. Тамақ ұнайды. Ешқандай шағымымыз жоқ.

Бізге әңгімемімізді үзуге тура келді. Өйткені жұма күнінің мәзіріне сәйкес дайындалған борщ, тауық еті қосылған макарон және компот пен нанды тергеуде отырған азаматтарға тарататын уақыт келді. Ас болсын!

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

11 тамыз 2020, 10:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.