Ливан билігі Бейрут портындағы ірі жарылысқа байланысты 16 адамды қамауға алды. Премьер-министр Хасан Диаб кінәлілерді жауапқа тартуға уәде берді. Ұсталғандар арасында порт басшысы Хасан Корайтем де бар. Associated Press агенттігінің жазуынша, тергеушілер 7 тамызда одан жауап алмақ, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Орталық банк бірнеше адамның – Корайтем мен кеден департаменті басшысының да есепшоттарын бұғаттады. Денсаулық сақтау министрі 4 тамыз күні болған жарылыстан кемінде 137 адам қайтыс болғанын хабарлады. Ондаған адам із-түзсіз жоғалған және кемінде 5 мың адам жарақаттанған. Қауіпсіздік күштеріндегі дереккөзге сүйенген ақпарат агенттіктері 6 тамыз кешке қаза болғандар санының 145-ке жеткенін жазды.
Британдық BBC сайтының жазуынша, бейсенбі күні кешке Бейрутта билікке қарсы наразылық тұтанып, парламент ғимараты маңында наразылар мен қауіпсіздік күштері қақтығысып қалған. Азаматтар билікті "немқұрайлығы үшін" кінәлаған. Полиция ондаған адамды тарату үшін көзден жас ағызатын газ шашқан.
6 тамызда жарылыс болған аумақта болған Франция президенті Эммануэль Макрон жарылысты халықаралық деңгейде зерттеуге шақырды. Жарылысқа портта жылдар бойы сақталып келген аммиак селитрасы себеп болған деп айтылады.