Беларусь астанасында президент Александр Лукашенконың билігіне қарсы тағы шеру өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мыңдаған адам заңды концертті пайдаланып, президенттікке кандидат Светлана Тихановскаяны қолдап, саябаққа жиналды. Себебі бұған дейін қала билігі Тихановскаяға өз жақтастарымен кездесу өткізуіне тыйым салған. Бірақ заңды концерт те ұзаққа созылмады. Полиция оппозиция өкілдерін саябаққа кіргізбей қойды. Ал концертте билікке қарсы «Өзгерістер» әні шырқалған үшін орындаушылар қамауға алынды.
Максим, жергілікті тұрғын:
– Мен еліміздің өзгергенін қалаймын. Жоқ дегенде, жаңа президент болса екен деймін. Себебі мен туғаннан бері елімізді бір адам басқарып келеді. Бұл біздің елге соншалықты тиімді емес. Енді алдағы сайлауда не боларын көрерміз.
Ал кеше Беларусьта президент Александр Лукашенконың тағы бір сұхбаты теледидар арқылы көрсетілді. Мемлекет басшысы журналист Дмитрий Гордонмен кездесуде көптеген мәселеге тоқталып, алдағы сайлауда жеңіп шығатынына сенім білдірді. Айта кетейік, Беларусьта тамыздың 9-ы күні президенттк сайлау өтеді. Додаға қазіргі президент Лукашенкомен бірге тағы үш кандидат қатысады.