Атырау, 24 сәуір 04:19
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Миялыда ауыз су қашан болады?

Сурет Бейнежазба
5 007 просмотра

Қызылқоға ауданындағы 6 мыңнан астам халқы бар Миялы ауылының ауыз судан тапшылық көргеніне бірнеше жыл болды. Бұл қиындықтан шығу үшін тұрғындар жерасты құдықтарын қаза бастаған.

Бүгінде миялылықтар ауыз суды «Қарасу» жерасты суынан алып отыр. Қыстың қарсыз өтуі, жауын-шашынның өте сирек болуы, оның үстіне Ойыл өзеніне өр суының өте аз келуінен құрғақшылық орын алып отыр. «Қарасу» жерасты суы мүлдем азайып кеткен, алты ұңғыманың екеуінде су жоқ.

- 500 тонналық су сақтайтын резервуар толған емес. Қазір тұрғындар тәулігіне 2 сағат қана суды тұтынып отыр. Бұл халықтың ашуын туғызғасын, қиындықтан шығудың жолын іздедік, - дейді Миялы округінің әкімі Сәндібек САЛЫҚОВ. - Ауыл ақсақалдарының кеңесін тыңдай отырып, бұрын су болған жерлерден жерасты құдығын қаза бастадық. Айтқандай-ақтұщы су көзі табылды. Енді халық содан қауғамен су тартып, бидон, шелекпен тасып ішіп отыр.

Әкімнің айтуынша, ауыл кәсіпкерлері су шыққан жерден төрт құдықты қазуға көмектесіп, тереңдігі 9 метр екі ұңғыма бұрғылап берген.

Алайда, бұл құдық та сарқылуы мүмкін, ол - уақыттың еншісінде. Билік Миялы ауылын сумен қамтудың басқа жолдарын қарастыра бастағанын айтады.

Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Айдулат КЕНЖЕБЕКОВТЫҢ айтуынша, аудан орталығынан 50 км жерден «Тайсойған-Миялы» топтық су құбырының сметалық жобасын жасақтауға бюджеттен 40 млн теңге қаражат бөлініп, жеңімпаз анықталып, жұмысына кіріскен. Жыл аяғында жобалау жұмысы аяқталады деп күтілуде.

- Одан кейін қажетті қаржы сұралып, Тайсойғаннан топтық су құбырын тарту жұмысы жүреді.  Ал құдық суына үміт аз, қатты құрғақшылық жер асты көздерін құрғатып тастайды, - дейді Кенжебеков.


Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

4 тамыз 2020, 11:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.