Атырау, 29 наурыз 00:39
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Тізімде жоқ: Махамбетте медбике пневмониядан көз жұмды

3 237 просмотра

Атырау облысында коронавирустың құрбаны болған медқызметкерлердің тізімі жаңа есіммен толықты. Медбике Бибігүл СҰЛТАНОВА вирустық пневмониядан өзі қызмет еткен Махамбет ауылындағы ауруханада өмірден өтті. Осы жерде бірнеше ай бойы науқастардың өмірі үшін жанқиярлықпен күресті.

51 жастағы Бибігүл Сұлтанованы әріптестері мен пациенттер қамқор жан әрі кәсіби маман ретінде ерекше жылылықпен еске алады.

Аудандық ауруханада 32 жыл табан аудармастан еңбек еткен. Бастапқыда аурухананың орталық залалсыздандыру бөлімшесінде , одан кейін интенсивті терапия бөлімшесінде, ал өмірінің соңына дейін жалпы тәжірбиелі бөлімнің медбикесі қызметін атқарды. Бибігүл пандемия өршіген кезде ауру жұқтырған науқастармен тікелей байланыста болып, ПТР тестке анализ алып, оларға медициналық, моральдық қолдау көрсетті. Махамбет тұрғындары оның қорқынышқа толы науқастарға дем беріп, ауруды жеңу жолындағы ақыл-кеңесін аямағанын еске алады.

- Алмалы ауылдық округі карантинге уақытша жабылғанда, Бибігүл Бақтығалиқызы ауру ошағының бел ортасында қызмет етті. 14 күн бойы отбасын тастап, аяғынан тік тұрып жұмыс жасады. Ол өз ісіне шын берілген, мамандығын ерекше сүйген жан еді. Әр науқас үшін күресті, оларға қолұшын беріп, аяқтан тұрып кеткенше қамқорлап жүрді. Қай жерге жұмсаса да, күн, түн демей еңбек ететін. Науқастармен тікелей байланыста жүрген оның ауырып қалғаны жанымызға қатты батты. Өмірі үшін күрестік, бірақ одан айрылып қалдық, - дейді Махамбет ауданы бас дәрігерінің орынбасары Алмагүл БЕКЕСОВА.

Бибігүл Сұлтанова 10 шілде күні вирустық пневмониядан өзі қызмет еткен Махамбет ауылындағы ауруханада өмірден озды. COVID-19-дан көз жұмған ақхалаттылар тізімінде жоқ. Өйткені Қазақстанда пневмония коронавирустың көрінісі деп саналмайды. Жаны жәнатта болсын!

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Отбасы мұрағатынан алынған сурет

4 тамыз 2020, 10:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.