Атырау, 26 қараша 02:47
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

​Украинада лаңкестік оқиғалар жиіледі

2 766 просмотра

Украинада соңғы екі аптада лаңкестік оқиғалары жиілеп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Қаржы ұйымындағы террорлық әрекет пен адам толы автобусты тұтқынға алған қаскөй елді бір шулатты. Украинаның үш бірдей қаласында тіркелген лаңкестік оқиғаларға не түрткі болды? Тападай тал түсте орын алған оқиға Киев қаласын лезде әбігерге салды, қала бірден көлік кептелісіне де тап болды. 

Банктегі лаңкестік әрекет жайлы құқық қорғаушыларға тұтқынға алынған әйел адамның өзі хабарлаған. Оқиға орнына жүздеген тәртіп сақшысы жұмылдырылды. Сөмкемде бомба бар деп бопсалаған ер адамның талабы  телеарна арқылы тікелей эфирге шығу еді.

Алайда бұл жолы лаңкестің мұндай қоққан-лоққысы  орындалмады. Украинаның полициясы мен қауіпсіздік қызметі ер адамды арнайы операция арқылы қолға түсірді, кейіннен белгілі болғандай оның  – Өзбекстанның азаматы екені және психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны анықталды. 

Алексей Бебель, заңгер: 

– Экстремизм мәселесіне қатысты сұрақтың басы ашық. Бұл сала мемлекет, қоғам және құқық қорғаушылардың назарына алынып, оның алдын алу шараларын тиянақты ұйымдастыру қажет. 

Атап өту керек, соңғы екі аптада Украинада лаңкестік оқиғалар жиілеп кетті. Алдымен Луцк қаласында 44 жасар ер адам тұтас бір автобусты тұтқынға алып, елді әбігерге салған еді. Лаңкес – Президент Зеленский талабымды орындағаннан кейін ғана, көліктегі 13 адамды босатам деп бопсалаған еді. Мемлекет басшысы психикалық ауытқысы бар адамның біртүрлі талабын орындамасқа амалы қалмады. Араға екі күн салып, Полтава қаласында 32 жасар ер адам көлікті ұрлап, ондағы полицейді гранатамен жарып жіберем деп елді шулатқан. Кейіннен құқық қорғаушыны босатып, өзі орманда тығылады. Бір аптадан кейін лаңкес табылады, алайда қашып кетпек болғаны үшін оған оқ атылып, оқиға орнында қаза табады. 

Алексей Бебель, заңгер:

– Бұл Украинада ауыр қылмыс саналады. Заң бойынша қылмыскер 10 жылдам астам уақытта түрмеге қамалуы мүмкін. Әрине, әр оқиғада әр қалай, адам шығыны болса, жаза ауырлайтыны белгілі.

Украинадағы мұндай лаңкестік әрекеттердің жиілеп кеткенін мамандар карантинмен байланыстырады, мұндай ұзақ мерзімді оқшаулау адамдардың жүйке жүйесіне салмақ салған көрінеді. Оның үстіне, жаппай белең алған жұмыссыздық тағы бар. Киев пен Полтавадағы лаңкестік әрекетке Зеленскийді айыптайтындар көп, өйткені Луцк қаласындағы террористтің біртүрлі талабын о бастан орындап, лаңкестерді дәндетпеу керек еді, дейтіндердің қатары өте көп.

4 тамыз 2020, 09:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.