Жер жаһанды жайлаған қауіпті індет әлемнің кейбір елдерінде әлі де дес бермей тұр, хабарлайды «Хабар 24».
Джонс Хопкинс университетінің мәліметіне сай, бүгінде COVID-19 дертіне шалдыққандардың саны 18 миллионға жуықтады. Кеселден 685 мың адам қайтыс болды. Әсіресе, Австралия, АҚШ, Оңтүстік Африка мен Үндістандағы жағдай күрделі. Австралияның Виктория штатында бір тәулікте 700-ге жуық науқас тіркелді.
Аймақта шектеу шаралары қатаңдатылды. Мельбурн қаласының тұрғындарына азық-түлік дүкенінен басқа себепсіз үйден шығуға болмайды. Оның өзінде үйден 5 шақырым жерден артық алыстамау керек. Жергілікті билік аймақтағы ахуалды апатты деп танып отыр.
Шаһарда кешкі сағат 20:00-ден таңғы 05:00-ке дейін коменданттық сағат жарияланды. Студенттер қашықтан оқып, балабақшалар жұмысын уақытша тоқтатты.