Интернет-алаяқтың әрекеті

632 рет қаралды

Жыл басынан бері Атырау облыстық полиция департаменті 577 алаяқтық фактісін тіркеді, олардың жартысынан көбі – 296-сы интернетпен байланысты жасалғандар, – деп хабарлады Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза ҮМБЕТҚАЛИЕВ.

Мұндай қылмыстар Instagram, Вконтакте, What's App әлеуметтік желісінде тіркелгеннен кейін және танымал республикалық жарнамалық сайттар арқылы жасалады. Арам пиғылдылар  суреттерді интернеттен жүктеп алып, жарнама орналастырып (пәтер, автомобильі, автомобиль бөлшектері, киім, аяқ киім сату, тұрғын үйді жалға алу, жұмысқа орналастыру, несие алуға көмектесу және т.б.), нарықтан төмен бағаны көрсетіп қояды. Осылайша, олар қармаққа ілінетіндердің назарын аударады да, содан кейін «QIWI» әмиянына немесе абоненттік нөмірге бірлік түрінде, сондай-ақ банк карточкасына ақша аудару арқылы алдын-ала төлем жасауды сұрайды. Олардың қолданатын тағы бір әдісі - жарнамаға жалған қызығушылық танытып, тауарды сатып алу үшін ақша аударамын деп сендіріп, банк карточкасының өмірі мен ұялы телефонына келіп түскен смс-кодты біліп алады. Әрі қарай интернет-банкинг жүйесін бұзады да, ақшаны басқа шотқа аударып, иемденіп алады.

Мысалы, 1984 ж.т. азамат кең таралған  жарнамалық сайтқа автобөлшектерді сату туралы хабарландыру жариялап, оған банктегі есеп-шотына ақша аударған бірнеше адамды алдап, сан соқтырды. Оның әрекеттері ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы («Ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдаумен жасалған алаяқтық») бойынша сараланып, №2 Атырау қалалық соты оны 3 жылға бас бостандығынан айырды.

Сонымен қатар, What’s App арқылы ашық чатта жеті күн ішінде енгізілген ақшаны 50%-ға көбейту туралы жарнама жарияланған. Тексеру барысында полиция чатта 100-ге жуық адамның тіркелгенін және оның 50 қатысушысына ақша кері қайтарылмағанын анықтады. Бұл алаяқтықты ұйымдастырған күдікті Оралда ұсталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.

Орал тұрғыны Атырауда пәтер жалдау туралы жалған хабарландыру жариялап, алдын ала төлемақыны салып алып, бой тасалап кеткен. 15 эпизод дәлелденді.

Мұндай жағдайлар көп. Бұл қылмыстардың ашылуы көбінесе анықталған күдіктілердің Қазақстанның басқа аймақтарында, сондай-ақ Ресей Федерациясының аумағында болғандықтан күрделене түседі. Төтенше жағдайға байланысты полиция қызметкерлерінің қызметтік іссапарларға шығу мүмкіндігі шектеулі болды, бірақ қазір республика аумағында қызметтік сапарға шығуға рұқсат етілді.

Атырау облысының полиция департаменті азаматтардан төменде көрсетілген қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды:

1. Жеке куәліктеріңіз бен банкоматтық карточкаларыңыздың, ЖСН мен банктік есепшот нөмірлерінің суреттерін ешкімге жібермеңіз.

2. Өзіңіздің жеке банкоматтық карточкаңызды ешкімге пайдалану үшін бермеңіз.

3. Күмәнді веб-сайттарды ашпаңыз.

4. Әлеуметтік желіде жеке ақпаратты көп жарияламаңыз.

5. Интернет арқылы танысқан адамға жеке ақпарат таратпаңыз.

6. Интернетте көрсетілген төмен бағаларға сенбеңіз. Егер сіз интернет арқылы тапсырыс бергіңіз келсе, ақшасын тапсырыс берілген өнімді қолға алғаннан кейін ғана төлеңіз. 

Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА

3 тамыз, 11:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.