Атырау облысында Армения республикасынан әкелінген көлік құралдарын тіркеуге алу жұмыстары жалғасуда.
Тіркеуден өткен көліктерге сары мемлекеттік нөмір беріледі. Ал оң жақ рөлді көліктер тіркеуге жатпайды.
- Қазір барлығы 2500 азамат, оның ішінде мамандандырылған ХҚКО-да 1114-і қажетті кеңес алды. Көлік құралдарын тіркеу үшін тиісті құжаттар болса болды, - дейді Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Берік АМАНГЕЛДІ.
Облыс аумағында барлығы Армения республикасынан 7000-ға жуық, оның ішінде 2279-ы оң жақ рөлді көліктер әкелінген. 1000-ға жуық көлік еліміздің басқа өңірлерінде тұратын тұрғындарға сенімхатпен беріп жіберілген. Ал 200-ден астам көлік техникалық жай-күйіне байланысты бөлшектеніп кеткен. «Армян» көліктерінің иелері тіркелуге асығар емес, қазір тек 1000 автокөлік сары нөмір алып отыр.
Полиция қызметкерлері армениялық көлік құралдарын тіркеу осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін жүргізілетінін ескертеді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА