Перуашев ИВЛ аппаратын сатып алуға қатысты мән-жайды түсінгісі келеді

711 рет қаралды

«Ақ жол» демократиялық партиясының парламенттік фракциясының жетекшісі Азат ПЕРУАШЕВ ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИНГЕ сауал жолдап, Атырау облысындағы өкпені жасанды желдету аппаратын сатып алуға қатысты толық ақпарат беруді сұрады.

Естеріңізге салсақ, бұдан бұрын Перуашев Денсаулық сақтау министрлігі Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасынан Оралдан жасанды желдету аппаратын сатып алудан бас тартып, Түркиядан сатып алуды талап етіп отырғанын айтқан болатын. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі бұл аппараттарды сатып алуға ешқандай қатысы жоқ екенін, мұның облыстық деңгейдегі мәселе екенін хабарлады. Содан кейін бұл - Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВТЫҢ бұйрығы екені белгілі болды. Өз кезегінде облыс әкімдігі баспасөз хабарламасын таратты. Хабарламада бұл бюджет қаражатын үнемдеуге қатысты мәселе екені айтылған. Бірақ Перуашевтің қосымша сұрақтары болып, оны премьер-министрге жолдады.

«23 шілдеде Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі бізге «Қазақстан ASELSAN инжиниринг» ЖШС негізінде ИВЛ аппаратын шығару ұйымдастырылатынын, олардың қысқа мерзімде медициналық мекемелерге жеткізілуі қамтамасыз етілетіндігін хабарлады.

Біз заманауи жабдықтар шығаратын өз өндірісіміздің дамығанын қолдаймыз, оны экономиканың нақты секторының маңызды бағыттарының бірі деп санаймыз. Сондықтан ҚР ИИДМ жауабы оң қабылданды, - деп жазады Азат Перуашев. - Алайда, содан кейін Атырау облысы әкімдігінің атынан түсініктеме берілді, онда тек баға факторы бойынша ғана уәж келтірілген: келісімшарт бойынша ИВЛ құны 13 млн теңге, ал басқа аппараттың құны 8,9 млн теңге деп көрсетілген. Әрі қарай бюджет қаражатын үнемдеу туралы айтылған. Әкімдік «баға/сапа» ара қатынасының екінші бөлігі - жабдықтың техникалық сипаттамалары мен комплектациясы туралы жақ ашпаған.

Перуашевтің айтуынша, қолда бар ақпаратқа сәйкес, сатып алынуы мүмкін «Biyovent» өкпені жасанды желдету аппаратында ауа ағынын айдау көрсеткіші 1,5 есеге аз (180л/мин. орнына - 120 л/мин), ал бастысы – аппарат компрессорлы болуы керек, бұл оны компрессор қондырғысы мен ылғалдандырғышпен толық жабдықтау қажет деген сөз.

Салыстыру үшін: Атырау облысы әкімдігі бас тартуды ұйғарған ИВЛ аппараты - турбиналы. Турбина мен ылғалдандырғыш аппараттың өзіне кіріктірілген және аппараттың бағасына кіреді. Ол 180 л/мин ауа ағының шығарады (1,5 есе күштірек) және 1,5 есе шағын (35 келі, ал жоғарыда айтылған басқа аппарат 55 келі). 

Перуашев сонымен қатар Атырау облысындағы қазіргі эпидемиологиялық ахуал тым шиеленісіп отырғандығын, осыған байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында облыс басшылығына сөгіс жариялағанын атап өтті.

«Осы жылдың 27 шілдесіндегі мәліметке сәйкес, 647 мың тұрғыны бар облыс коронавирус инфекциясын жұқтыру саны (9988 адам) бойынша Алматы мен Нұр-Сұлтан мегаполистерінен кейін үшінші орында тұр. Миллион халқы бар Шымкентті, екі миллион тұрғыны бар Түркістан мен Алматы облыстарын, миллион тұрғыны бар Қарағанды, Шығыс Қазақстан мен Жамбыл облыстарын басып озды. Сондықтан әр апта мен әрбір күн адам өмірін құтқарып қалу үшін өте маңызды, бұл тез әрі алғыр шешімді талап етеді. Әкімдіктің бұл шағын келісімшартты ИВЛ-ді неғұрлым қолжетімді бағамен, сол мерзімде жеткізуді қамтамасыз етуге дайын кез-келген басқа ШОБ субъектісіне бергені жөн болар еді. Біздің білуімізше, бұл ЖШС-нің осындай бәсекелестері конкурстың бірінші кезеңінде болған ... Бұл мәселені монополияға қарсы органдар заңнамаға сәйкестігі бойынша зерделеуі тиіс деп санаймыз.

Ал ең бастысы - адамдардың денсаулығы мен өмірі бірінші кезекте тұруы тиіс, ИВЛ аппараттарының кешігуі олардың өміріне төнетін қауіпті жоғарылатады. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, осы ахуал бойынша толық ақпарат ұсынуыңызды өтінемін», - деп жазады Перуашев. Премьер-министрдің беретін жауабына қарай, ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгіне ме, жоқ па, шешетін болады.

Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ

28 шілде, 15:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.