Жыл басынан бері Атырау қаласында велосипед ұрлығы бойынша 70 қылмыстық іс тіркелген. Осындай 50 қылмыс ашылып, қолды болған велосипед иелеріне қайтарылды. Қаскөйлер арасында – жасөспірімдер, жастар, тіпті, ересек әйел де бар.
Мәселен, 20 мамырда Уәлиханов көшесіндегі көппәтерлі тұрғын үйдің подъезінен құны 60 мың тұратын "Trinx" маркалы велосипеді, ал екі күннен кейін Сәтпаев даңғылындағы №41Б үйдің подъезінен құны 80 мың теңге тұратын спорттық велосипед ұрланған. Полиция екі ұрлыққа күдікті 24 жастағы қала тұрғынын ұстады. Ал тағы бір ұсталған 19 жастағы Атырау тұрғыны үш велосипедті қолды қылған деп күдіктелуде. Бұдан басқа, жедел уәкілдер екі велосипед пен самокат ұрлаған 27 жастағы әйелді ұстады. Оның басқа ұрлықтарға қатысы тексерілуде.
- 15 шілдеде Ақ-Шағала көшесі бойындағы үйлердің бірінің подъезінен құны 90 мың теңге тұратын Stels маркалы велосипед жоғалып кетті, - деп хабарлайды Полиция департаментінің өкілі Гүлназира МҰХТАРОВА. – Іздестіру шаралары барысында 18 жастағы қала тұрғыны анықталып, ұсталды. ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Фархат ӘБІЛОВ