1 шілдеден бастап Атырауда 40 мас жүргізуші ұсталды, оның ішінде 6 әйел мен жасөспірім бар. Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жасөспірім мас күйде және жүргізуші куәлігінсіз болған. Ал оның жасына сай куәлік берілмейді де.
- Сот-медициналық сараптама кәмелетке толмаған жүргізушінің рөлге отырмас бұрын ішімдік ішкенін растады. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабы ("Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы") бойынша хаттама толтырылды. Ата-анасы айыппұл төлейді, - деді Атырау облыстық Полиция департаментінің өкілі Гүлназира МҰХТАРОВА. – Бұдан басқа, оған өзінің Nissan Tiida көлігін берген жасөспірімнің әкесі жауапқа тартылды. Әкімшілік сот оған 27 880 теңге көлемінде айыппұл салды. 442-бап ("Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде болуы") бойынша тағы бір хаттама толтырылды. Жинақталған материалдар ювеналды сотқа жолданды.
Жалпы жыл басынан бері өңірімізде ӘҚБтК-тің «алкогольдік» бабы бойынша 357 жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылған. Оның 275-і – облыс орталығында. Ал бұдан басқа, Г.Мұхтарованың айтуынша, ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша 60-тан астам қылмыстық іс қозғалған.
Фархат ӘБІЛОВ