Бүгін, 25 шілде күні Ресейдің Хабаровск қаласында аттас өлкенің қамаудағы бұрынғы губернаторы Сергей Фургалды қолдайтын акция өтті. Акцияға ондаған мың адам қатысты. Бақылаушылардың бағалауынша, бүгінгі шеру қала тарихындағы ең ірі наразылық акциясы болуы мүмкін. "Настоящее время" телеарнасы оқиға орнынан трансляция жүргізді, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Қала тұрғындары орталық көшелермен жүріп өтіп, орталықтағы Ленин ескерткішінен бір-ақ шығып, сол жерде митинг өткізді. Акция қала басшылығымен келісілмегендіктен, наразы тұрғындар алаңға "кептерге жем беру үшін" шыққан. Полиция шеруді сырттай бақылап, араласпай тұрды.
"Сибирь.Реалии" жобасының тілшісі митингшілердің өз наразылығын федералды билікке көбірек бағыттағанын хабарлады. Олар "Путин отставкаға кетсін", "20 жыл сенім жоқ", "Ресей, оян", "Мұндағы билік – біз" деп ұрандатты.
- Хабаровск өлкесінің заңды түрде сайланған губернаторы Сергей Фургал қамауға алынған соң өлкеде және көрші өңірлерде екі апта бойы қатарынан наразылық акциялары өтіп жатыр. Митингшілер көбіне губернатордың сот ісін Мәскеуде емес, Хабаровскіде өткізуді, соттың әділ болуын талап етіп жатыр. 22 шілде күні олар Ресей президенті Владимир Путиннің отставкасын талап етті.
- 20 шілде күні Владимир Путин өлкеге жаңа губернатор тағайындады. Өлкені басқару Госдумада ЛДПР атынан депутат болып отырған Михаил Дегтяревке тапсырылды. Дегтярев митингшілермен кездесуден бас тартып, наразылық акцияларына шетелдіктер жауапты деді де, бүгінгі акция кезінде қала сыртына кетіп қалды.
- Акция күні Хабаровск өлкесінің билігі қалаға сапарлаған "Ашық Ресей" ұйымының үйлестірушілері мен саясаттанушы Александр Кыневті оқшаулауға тырысқан. Өлкені бас санитарлық дәрігері Татьяна Зайцева олардан 14 күнге оқшаулануды талап еткен.