Атырау облысында газ өңдеу зауытын салу туралы жаңалықты өңір халқы қатаң қабылдады. «Қашаған кен орнында газды кешенді дайындау қондырғысын орнату» жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар кеңінен жария етілмей өткізілді, Мақат кентінің ауылдық клубында тып-тыныш, бірнеше адамның қатысуымен ғана өткізілді. Кейін пандемияға байланысты бұл тақырып ұмытылып та қалды.
БҰЛ НЕ ЗАУЫТ
Көктемде «АЖ» бұл не зауыт және қандай қаражатқа салынатынын анықтау мақсатында «ҚазТрансГаз» АҚ-на сұраныс жіберді. Бұдан бұрын газ өңдеу зауыты құрылысының жобасы Қазақстанда табиғи газды тұтынудың артуымен және тауарлық газдың меншікті ресурстық базасын кеңейту қажеттілігіне негізделген болатын. Алдын ала мәліметтер бойынша, зауыттың қуаты жылына 1 млрд текше метрді құрайды. Оны 2021 жылдың соңына дейін Мақат ауданында, «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысынан солтүстік-шығысқа қарай 12 шақырым және Ескене темір жол стансасынан оңтүстікке қарай 5 шақырым жерде салады. Премьер-министр Маминнің Атырауға келген сапары кезінде құрылыстың инвесторы «GPC Investment» ЖШС екені, ал инвестиция көлемі 860 млн долларды құрайтыны белгілі болды.
Біздің сауалымызға «ҚазТрансГаз» қазір жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталуда деп жауап берді. Қаржы тартумен және ГӨЗ құрылысымен жоғарыда аталған жеке инвестор айналысады деді.
КӨШЕСІ МЕН ҮЙІ ҚАЙДА?
Ашық дереккөзден іздестіріп көргенмін - «GPC Investment» ЖШС 2019 жылдың 13 ақпанында бір жарым жыл бұрын Атырауда тіркелген. Жақында құрылған ЖШС осындай ірі жобаны жүзеге асыруға әлі жете ме деген біздің сауалымызға ҚТГ-дағылар инвестордың өзіне жолығуға кеңес берді. Сол ашық дерекөзден белгілі болғандай, компанияның негізгі қызметі мұнай өңдеу өнімдерін өндіру екені белгілі.
Жалпы, «ҚазТрансГаз» жалпылама жауап бергенге ұқсайды, тып-тыныш өткізе салған қоғамдық тыңдаулар туралы мәселе де нақты жауапсыз қалды – ҚР заңнамасына сәйкес жобаларды талқылау бойынша қоғамдық тыңдауларды аумағында құрылыс салу жоспарланып отырған жергілікті атқарушы орган ұйымдастырады деп түсіндірді бізге.
Мен ғаламторда көрсетілген «GPC Investment» ЖШС-нің заңды мекенжайы - Махамбет көшесі, 123 В үйіне беттедім. Бұл қаладағы «Восток» маңындағы әртүрлі бизнес өкілдері кеңсе жалдап отырған бизнес-орталығы. Алайда, кіре берістегі күзетші мұндай компания бұл ғимаратта жоқ деді. Телефон қоңырауына да ешкім жауап бермеді.
Ғаламторды тағы бір шарлап көріп, Нұр-Сұлтандағы «GPC Investment» ЖШС қызметкерлеріне шығып, ашық дерреккөзде компанияның басшысы деп белгіленген ЖШС директоры Әсет НҰРДОСҚА редакциялық сауал жолдадым. Бірақ, осы жылдың наурыз айынан бастап директоры өзгерген – ол Аслан Хамзин болыпты. Серіктестік қызметкерлер саны 5 адамға дейін жететін шағын кәсіпорындардың қатарына жатады. 2019 жылға компания 119 853 теңге салық төлеген, ал биылғы жылдың басынан бастап - 35 762 теңге төлеген.
«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАМТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ»
«GPC Investment» ЖШС-нің жауаптарына сәйкес, ГӨЗ құрылысын осы жылы бастап, оны 2021 жылдың соңында тапсыру жоспарланған. Қаржыландыру инвестордың меншікті қаражаты және қаржы институттарының қаражатын тарту есебінен жүзеге асырылады. Жоба мемлекеттік емес инвестициялар салынған жеке бастама болып табылады.
Біз сондай-ақ компания туралы ақпарат беруді сұрағанбыз, құрылтайшысы Абай ӘМІРХАНОВ екені белгілі болды. Жауапта заңды мекен-жай ретінде Махамбет көшесі, 123 В үйі көрсетілген. Әмірханов тегі атыраулықтарға таныс – ол «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Атырау филиалының директоры және «Интергаз-Орталық Азия» АҚ-ның «Атырау» магистральды газ құбыры басқармасының директоры қызметтерін атқарған.
Осы компания қандай жобаларды жүзеге асырды, ірі нысан құрылысында тәжірибесі бар ма деген сауалдар болды, әрине. «GPC Investment» ЖШС-нің «Қазақстан Республикасында осындай ірі индустриялық жобаларды іске асыру тәжірибесі бар мамандардан құрылған командасы бар» екен. Бірақ дәл қандай индустриялық жобалар екені нақты айтылмайды.
Жұмыс орындарын құру туралы компания былай деп жауап берді: мемлекеттік кешенді сараптаманың оң қорытындысы бойынша қосалқы мердігерлер таңдалады, зауыт құрылысы кезеңінде 2800 жұмыс орнын және пайдалану кезеңінде 600 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. «Біздің компания қызметінің басым бағыттарының бірі газ өңдеу зауытын салу және одан әрі пайдалану кезінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуда қазақстандық қамтуды қолдау. Жоба қазақстандық қамтуды дамытуды қолдау үшін әзірленген нормативтік-құқықтық база шеңберінде жүзеге асырылады», - деп сендірді «GPC Investment» ЖШС-тегілер.
«ТЫҢДАУЛАР ӨТТІ»
Қоғамдық тыңдау туралы кеш естіген Атырау жұртшылығына компания оны қайта өткізуді ұйымдастыра ма деп сұрадық. Оған мынадай жауап берілді: «Өзіңізге белгілі болғандай, жобаның «Қоршаған ортаны қорғау» бөлімі бойынша қоғамдық тыңдаулары 2019 жылдың 20 желтоқсанында Атырау облысы Мақат ауданы Мақат кентінде өткізілді. Оны өткізу туралы хабарландыру «Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» ММ-нің ресми сайтында, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында, атап айтқанда 2019 жылғы 22 қарашадағы «Мақат тынысы» газетінде алдын ала жарияланды. Осы уақыт өткеннен кейін ашық жиналыс түрінде қоғамдық тыңдау өткізілді, оның қорытындысы бойынша жоғарыда көрсетілген жобаға қатысты қоғамдық тыңдау хаттамасы жасалып, қол қойылды. Жоғарыда баяндалғанның негізінде компания барлық қажетті рәсімдер ҚР заңнамасы шеңберінде орындалды деп пайымдайды. Алайда, қажет болған жағдайда компания жобаның ҚР экологиялық заңнамасына сәйкестігі туралы Атырау облысының тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселесін пысықтауға дайын».
«ЭКОЛОГИЯҒА ҚАТЫСТЫ БӘРІ ЖАҚСЫ БОЛАДЫ»
Атырау облысының тұрғындары неге мұндай зауыттың құрылысына алаңдайтыны түсінікті, бәрімізді толғандыратын онсыз да нашар экология мәселесі. Бұл ретте ЖШС, әрине, қоршаған ортаға барынша зиян келтірмейміз деп сендіреді. Қоршаған ортаны қорғау бойынша бекітілген іс-шаралар жоспары шеңберінде өндірістік алаңдардағы шаң басу, пайдалану кезіндегі құбыр жолдарының жай-күйінің диагностикасы, тұрмыстық және өндірістік ағындарды тазалау блоктарын салу, құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін орындарын қалпына келтіру, аумақты және жақын орналасқан елді мекенді (қарағаш және ксерофиттердің басқа да түрлері) көгалдандыру, қалдықтарды полигонға уақтылы шығару, тоқсан сайын экологиялық бақылау жүргізу жоспарланған. Серіктестік сондай-ақ объектіде қоршаған ортаға шығарындыларды автоматтандырылған түрде бақылаудың заманауи үлгісін орнатуды жоспарлап отыр.
Жақында біз жоба бойынша ағымдағы жағдайды білу үшін компания өкілдеріне қайтадан жолықтық. Біздің сауалымызға қазір сараптама қорытындысын күтіп отырмыз – ол жақын арада дайын болады деп жауап берді. Сонымен қатар, «ҚазТрансГаз» АҚ мен NCOC компаниялары арасында шикі газды жеткізу шартының талаптары бойынша келіссөздер әлі де жалғасуда. Бірақ жоба бір орында тұрған жоқ – вахталық кентті, темір жол және басқа да инженерлік коммуникацияларды жобалау бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА