2025 жылы Мақат ауданының орталығы – Мақат кентінің орталық алаңында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар NCOC компаниясының әлеуметтік-инвестициялық жобалары аясында демеушілік арқылы жүзеге асырылмақ.
Жоспарға сәйкес, алаңға субұрқақ орнатылып, төсемтастар, жолжиек тастар мен жарық шамдары жаңартылады. Сонымен қатар, шағын архитектуралық пішімдер қойылып, аумақты көгалдандыру қолға алынады.
Аудан тұрғындарының игілігі үшін балалар ойын алаңы, сондай-ақ волейбол және баскетбол алаңдарын салу жоспарланған.
Сонымен қатар, аудан тұрғындарының қолайлы қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында биыл орталық көшелерге 54 заманауи автобус аялдамасы салынбақ. Оның 28-і Мақат кентінде, 22-сі Доссор кентінде және 4-еуі Бәйгетөбе ауылдық округінде орнатылады.
Ауданда 2024 жылы қылмыстар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,4 пайызға өскен. Осыған байланысты, елді мекендерге бейнебақылау камералары орнату жұмыстары қолға алынбақ.
Мақат кентіне – 188, Доссор кентіне – 171, ал Бәйгетөбе ауылдық округіне – 20 бейнебақылау камерасы орнатылады. Бұл камералар құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға үлкен үлес қоспақ, деп мәлімдеді әкімдік өкілдері.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ