Атырау, 16 қаңтар 19:04
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 529.70
€ 545.96
₽ 5.17

Қызылордада кірпіш зауыты, ЖЭО және түйе сүті ұнтағын өндіретін зауыт іске қосылады

83 просмотра
Сурет: gov.kz

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин экономиканың нақты секторын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді, онда Қызылорда облысының инвестициялық дамуы қаралды, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі. 

Былтыр жалпы құны 1,9 трлн теңгені құрайтын 86 инвестициялық жобаны іске асыру жөніндегі бес жылдық бағдарлама шеңберінде өңірде 411 жаңа жұмыс орнын ашқан 37 млрд теңгеге 21 жоба іске асырылды. Оның ішінде 6 жоба құрылыс материалдарын өндіру бойынша, 10 жоба агроөнеркәсіптік салада, 1 жоба көлік логистикасы саласында, қалғандары сауда және білім беру саласына қатысты. Ірі жобалардың қатарында Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы бар. 2025 жылы Қызылорда облысында мыңға жуық жұмыс орнын құрып, 30,8 млрд теңге өнім шығаруға мүмкіндік беретін 275,3 млрд теңгені құрайтын 24 жобаны іске қосу жоспарлануда. Ірі зауыттардың қатарында қуаты жылына 90 млн дана кірпіш шығару, түйе сүтінен жылына 392 тонна ұнтақ өндіру, жолаушылар вагондарын жөндеу, техникалық қызмет көрсету және салу жөніндегі жобаның бірінші кезеңі, қуаты 240 МВт болатын жаңа ЖЭО құрылысы бар.

«Алдағы уақытта жалпы қуаты 141 МВт болатын 4 күн және 1 жел электр стансасының құрылысын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Облыстың электр энергиясына деген сұранысы тәулігіне 200 МВт-ты құрайды, өңірде жалпы қуаты 89 МВт болатын 9 күн электр стансасы жұмыс істейді. 5 жоба іске қосылғанда өңіріміз толығымен жасыл энергетикаға көшеді», — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев.

ҚР СІМ Инвестициялар комитеті қатысушыларға Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны яғни инвесторлардың, мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектордың өзара іс-қимылы үшін бірыңғай терезе мүмкіндіктерін таныстырды. Бүгінде платформа пулында 836 жоба бар, оның 246-сын осы жылы жүзеге асыру жоспарлануда.

Кеңесте облыстағы екі ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қатысты түйткілді мәселелер талқыланды. Бұл «Шалқия» полиметалл кен орнының тиімділігін арттыру және кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт салу. 

Атап айтқанда, тағамдық және өнеркәсіптік ас тұзын, полипропиленді қапшықтар шығаратын «Аралтұз» АҚ қазіргі таңда Қазақстандағы кальцийленген сода шығаратын алғашқы зауыт құрылысының жобасын іске асыруда. Шыны бөтелкелерді өндіруге қажетті бұл шикізат компоненті елімізде толығымен импортталады. Жоба айтарлықтай инвестицияларды қажет етеді, несиелік қаржыландыру мерзімдері мен шарттарын ұзарту бойынша мәселелер бар. Вице-премьер тиісті қаржы институттарына жобаны қолдау үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырды.

«Мемлекеттік органдар инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы кедергілерді жоюда бизнеске барынша көмек көрсетуі керек. 2025 жылға арналған 246 жобаның мақсаты – жақсы көрсеткіш, оған жету үшін мүмкіндігінше барлық кедергілерді жойып, уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз ету керек. Ол үшін қысқа мерзім ішінде Инвестициялар комитеті Өнеркәсіп министрлігімен және әкімдіктермен бірге басым сала әрі жоғары қосылған құн қағидаты бойынша жобаларды градациялауды жүргізуі қажет. Сонымен қатар нәтижелерге сүйене отырып, оларды жүзеге асыруға қолдау білдіруі керек», — деп қорытындылады жиынды Серік Жұманғарин. 
Бүгін, 16:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.