Ресейде шетелдіктердің азаматтық алуын жеңілдететін федералды заң күшіне енді. Жаңа заң өз елінің азаматтығынан бас тартуды талап етпейді. Бұл туралы РИА Новости хабарлайды.
Тиісті федералды заңға президент Владимир Путин 2020 жылы 24 сәуірде қол қойды.
Еске салсақ, құжатта Ресей аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдіктер жеңілдетілген тәртіпте азаматтыққа қабылдау туралы өтінішпен жүгінуге құқылы екені хабарланған болатын. Бұған дейін шетелдіктер өз елінде азаматтықтан бас тарту туралы өтініш бергенін растауы тиіс еді.
Ресейде ықтиярхаты бар Молдова, Украина, Беларусь және Қазақстан азаматтары елде тұру мерзімін сақтамастан азаматтыққа өтініш бере алады.
Дәл осы норма Ресейде тұратын және ортақ балалары бар ресейлік азаматтардың шетелдік жұбайларына, сондай-ақ, ата-аналарының бірі Ресей азаматы болып табылатын және Ресейде тұратын шетелдіктерге таралады.
Бұған қоса, ресейлік жоғары оқу орындарының түлектері жұмыс істей бастағаннан кейін бір жылдан соң азаматтық ала алады. Бұған дейін оларға бес жыл күтуге тура келген.
Сонымен қатар, Донбасс тұрғындары Ресей төлқұжатын алғанда мемлекеттік баж төлемейтін болды. Бұған дейін ол 3,5 мың рубльді құраған.