№2 Атырау қалалық соты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша айыпталған «EcoClinic» ЖШС-нің екі басшысына үкім шығарды.
Естеріңізге салсақ, 2019 жылдың тамызында полиция департаменті қаладағы косметология орталығының директоры мен құрылтайшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастаған еді. Қылмыстық әрекет мынадай болған: олар әйелдерге қоңырау шалып, тегін косметологиялық процедураға шақырып, содан кейін өз қызметтерін қомақты сомадағы несиеге ұсынып, бірақ ақшаны алғаннан кейін ондай қызмет көрсетпеген. Осылайша олар 200-ден астам қала тұрғынын алдаған.
- Клиника косметологиялық қызмет көрсету үшін адамдардан ақша жинап, ол қызметті көрсетпеген. Атырау прокуратурасының бастамасы бойынша «EcoClinic» ЖШС басшылары аса ірі көлемде залал келтіріп, алаяқтық жасады деген күдікпен қамауға алынып, сотқа жолданды, - дейді қала прокуроры Аршат ТАЙТУЛЛИН.
21 шілдеде сот екі әйелді, «EcoClinic» ЖШС құрылтайшысы мен директорын 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Фархат ӘБІЛОВ