Нью-Джерси штатында белгісіз ер адам федералды судьяның отбасына шабуыл жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі News10 сайтына сілтеме жасап.
Полиция мәліметіне сәйкес, қайғылы оқиға жексенбі күні кешке болған. Белгісіз ер адам Ньюарк қаласының судьясы Эстер Саласқа шабуыл жасаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті тауар жеткізушінің киімін киіп, Эстер Салас тұратын үйдің есігін қаққан. Есікті оның жары ашыпты. Осы сәтте ол оған бірнеше рет оқ атқан. Салдарынан судьяның күйеуі мен оның жанында тұрған ұлы жараланған. Кейін белгісіз ер адам оқиға орнынан ізін суытқан.
Федералды тергеу бюросы (FBI) бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын, күдікті іздестіріліп жатқанын атап өтті.
Ньюарк қаласы мэриясының хабарлауынша, алған жарақат салдарынан судьяның ұлы қайтыс болған. Ал есікті ашқан жары ауруханаға жеткізіліпті. Осы сәтте судья үйде болған. Бірақ ол жараланбапты. Осыған дейін судья ескерту хаттарын алып жүріпті. Алайда соңғы уақытта ондай хаттар келмеген.
"Қиын сәтте біз судьяның отбасына көңіл айтамыз. Бұл қайғылы оқиға елімізде зорлық-зомбылық мәселесі бар екенін, көшелеріміз қауіпсіз болу үшін жұмыс әлі жүргізілуі керек екенін көрсетеді", - деді Нью-Джерси штатының губернаторы Фил Мерфи.