Компьютерден де маңызды жабдықтар қажет еді

806 рет қаралды

Жылыой аудандық орталық ауруханасы 6 млн 250 мың теңгеге 25 компьютер сатып алуға конкурс жариялады. Техникалық ерекшелігінде көрсетілгендей, бұл бірнеше компьютер жиынтығы екен жүйелі блок, монитор, колонка, сымсыз пернетақта және кілемшесі бар тінтуір, 5 розеткаға арналған желілік тоқ ұзартқыш.

«WindowsPro 8 оперативтік жүйесі, Microsoft Office 2010 кеңсе қосымшалары, лизенциялық антивирус бағдарламалары, үздіксіз қуат беру құрылғысы. Дербес компьютерге арналған жүйелі тақтасы әлемдік компьютерлік технология нарығында танымал бренд болуы тиіс» делінген лоттың сипаттамасында.

Өтінімдерді қабылдау 16 шілдеде басталып, 31 шілдеге дейін жалғасады.

Сөз арасында айта кетсек, жақында әлеуметтік желіде Жылыой аудандық орталық ауруханасы жанындағы жедел жәрдем бригадасының хаты қызу талқыға түсті. Хатта басшылық қорғаныс киімдері мен құралдарын өз ақшасына өздері сатып алуға мәжбүрлейді делінген. Қазір бұл ақпаратты облыс әкімдігі тексеріп жатыр.

Бұдан басқа, жергілікті билік аудандық ауруханаларға, соның ішінде Жылыой ауруханасына ИВЛ аппараттарын сатып алу үшін демеуші іздестіруде. 

Фархат ӘБІЛОВ

15 шілде, 10:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.