Атырау облысының әкімдігі полиция және СЭС қызметкерлерімен бірлесіп карантин режимінің сақталуына қатысты рейд өткізіп тұрады. Осындай рейдтердің бірінде «астыртын» өтіп жатқан үйлену тойын анықтады. Сондай-ақ, түнде жұмыс жасаған дүкендер мен көлік жөндеу орындары анықталды.
Мәселен, 12 шілдеге қараған түні Жұмыскер ауылында көлік жөндеу орталығы жұмыс істеп тұрған, ал Привокзальный ықшам ауданында сағат 12:30-да азық-түлік дүкені ашық болған.
- Екі жағдай бойынша тәртіп бұзушыларға тиісті құжаттар толтырылды, - деп әңгімелейді Атырау қалалық полиция басқармасы взводының командирі Жасұлан КАМАРЕДЕНОВ. – Рейд кезінде алты көлік иесіне ескерту берілді.
Ал демалыс күндері режим бұзғандар көбейді. Сенбі мен жексенбіде карантин режимін бұзған 175 дерек анықталды, оның 81-і – Атырау қаласында тіркеліп отыр.
- Атырау облысының бас санитариялық дәрігерінің қаулысына қарамастан мейрамханалар мен кафелер келушілерді ғимарат ішінде тамақтандыруды жалғастырған. Алайда оларға «үйге жеткізу» қағидасы бойынша жұмыс жасауға рұқсат етілген. Осындай жағдай тоғыз жерде анықталды, - деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Рейд барысында 24 азық-түлік дүкенінің жұмыс уақытынан тыс мезгілде саудамен айналысқаны белгілі болды. Эпидемиологиялық ахуалдың асқынғанына қарамастан, топтаcып жүрудің 26 дерегі, отбасылық шара өткізудің бір дерегі тіркелді.
- Карантиндік талаптарды сақтамау Жылыой ауданында да кездесіп отыр. Ол жерде той, садақа түрінде бес отбасылық шара анықталды, - деп хабарлайды баспасөз қызметі. – Демалыс күндері қозғалысқа толықтай тыйым салынғанына қарамастан, көшеде себепсіз жүрудің 30 дерегі тіркелді. Азық-түлік дүкендерінің жұмыс уақытынан тыс мезгілде сауда жасауы бойынша Индер ауданында 4, Құрманғазы ауданында 3 дерек анықталып отыр.
Нәтижесінде демалыс күндері карантиндік шектеу талаптарын бұзудың Атырау қаласында 81, Жылыой ауданында 37, Индер ауданында 4, Исатай ауданында 14, Қызылқоға ауданында 7, Құрманғазы ауданында 23, Махамбет ауданында 9 дерегі анықталып отыр.
Фархат ӘБІЛОВ