12 шілдеде арнайы топ дәріханаларға мониторинг жүргізіп, Атырауда қазір адамдарға ең қажетті вирусқа қарсы препараттардың 20-дан астам атауы жоқ екенін анықтады.
«Бұл қазіргі жағдайдың қаншалықты қиын екенін көрсетеді. Аудандардағы жағдай одан бетер. Сондықтан да науқастардың қатары күнбе-күн көбеюде. Мониторинг кезінде анықталған кемшіліктердің қатарында – қаладағы үлкен дәріханаларға вирусқа қарсы және дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмектердің жеткізілуінен ондағы ұзын-сонар кезектің пайда болуы. Сонымен қатар, Махамбет көшесінде орналасқан «Зерде» дәріханасында дәрілер бар, ал Авангардта орналасқан «Гиппократ», «Семейное», «На Гурьевской» дәріханаларында халыққа қажетті кейбір дәрі-дәрмектерді ішінара табуға болады» делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз хабарламасында.
Мониторинг барысында Нұрсая ықшамауданы, 51 мекенжайында орналасқан «Аптека» дәріханасында дәрілік заттарды жоғары бағамен сату фактісі анықталды. Атап айтсақ, «Нурофен», «Бронхо-мунал П», «Ингалипт» препараттарының бағасын көтеріп сатқан. Анықталған кемшіліктер бойынша ақпарат «тиісті құзыретті мемлекеттік органға» жіберілді.
Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА