Атырау облысы дәрі-дәрмекпен 94% қамтылған екен. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВТЫҢ ӨКҚ-де өткен онлайн-брифинг барысында айтқан бұл жаңалығы біздің тұрғындарды қатты таң қалдырды.
- Негізгі мәселелердің бірі - дәріханалардың бөлшек сауда желісінде халықты дәрі-дәрмекпен қамту. Бүкіл ел бойынша ірі дистрибьюторларға әр аймаққа жеткізуді ұйымдастыру тапсырылды. 3 сағаттай бұрын Алматыға дәрі-дәрмектің алғашқы рейсі келді, екіншісі сағат 23.00-де келеді. Жалпы 50 тонна препарат жеткізіледі. Сенбі күні 35 тонна дәрі-дәрмек Делиден жеткізіледі. Ертең немесе арғы күні барлық аймақтарға дәрі-дәрмек жеткіземіз. Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Шымкентке Өзбекстаннан дәрі-дәрмектер келеді. Барлық мемлекеттік мекемелерге, соның ішінде емханаларға, амбулаторияларға дәрі-дәрмектер «СК-Фармация» арқылы келеді. Атырау облысы дәрі-дәрмекпен 94% қамтылған. Әрі қарай бұл мәселе ерекше бақылауға алынады, - деп атап өтті Е. Тоғжанов.
Оның айтуынша, әңгіме коронавирус инфекциясын емдеуге арналған Денсаулық сақтау министрлігінің хаттамаларында көрсетілген 21 дәрі-дәрмек туралы болып отыр.
Ал облыс тұрғындары әлі де дәрі-дәрмек іздеп сабылып, дәріханалардан таба алмай, әлеуметтік желіден, ватсап-топтарынан көмек сұрап жүр. «Дексаметазон», «Гепарин», «Ксарелто», «Фраксипарин», «Леволет» және т.б. дәрі-дәрмектер тапшы. Бірнеше аптадан бері Атырау тұрғындары көрші Ресейден бізде тапшы дәрі-дәрмектерге тапсырыс беріп алдырып жүрген. Бірақ өткен аптаның соңында шекарадан дәрі-дәрмектерді тіпті шектеулі мөлшерде болса да өткізуді тоқтатты.
Зульфия ИСКАЛИЕВА