Атырау, 25 сәуір 22:33
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Атырау сағат 23-тен кейін: түнгі шу мен жасырынбақ

6 701 просмотра

Атырау облысының бас санитариялық дәрігерінің қаулысымен сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін жеке автокөлікпен жүруге тыйым салынды. Бұл тыйым қалай сақталатынын полиция қызметкерлерімен бірге рейдке шыққан «АЖ» тілшісі бақылады.

Алдымен қала орталығындағы «Ақ Жайық» қонақ үйінің маңына келдік. Сағат 11-ден кейін полицейлер жедел жәрдем көлігінен басқаның бәрін түгел тоқтата бастады.

Асылбек есімді қала тұрғынын тоқтатты.

- Сағат 23:00-ден кейін көшеге шығуға тыйым салынғанын білесіз бе? – деп сұрады Атырау қалалық полиция басқармасының взвод командирі Аслан ГАРИФУЛЛИН.

- Иә, тек күндіз анама дәрі-дәрмек іздеп таба алмадық, - деп түсіндірді Асылбек. – Жаңа фейсбукте хабарландыру көріп, барып келейін деп ойладым. Негізі, көбіне үйден шықпаймыз.

Полиция өкілдері оған сеніп, жібере салды. Айтпақшы, көпшілігі дәрі іздеп жүрген көрінеді. Біреудің қызы ауырады, екіншісінің әкесі. Ал Әлиев көпірінде 40 жасар Заир қалада өз шаруасымен жүргенін айтты. Сол жерде ол  түсініктеме жазып, өзі туралы мәліметтер мен туысқандары мен өзінің телефон  нөмірін қалдырып, босатылды.  Бірақ материалдар қалалық СЭС-ке, ал сол жерден - әкімшілік сотқа жолданады. Қазіргі қолданыстағы ҚР ӘҚБтК 425 бабы («Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу») бойынша оған 30 АЕК - 83 340 теңге көлемінде айыппұл салына ма деп қорқамын.

Привокзальный ықшамауданында әскери бөлімнің маңайында патруль «Тойота» автокөлігін тоқтатты – жүргізушісі жас жігіт, жанында жолаушы отыр. Жүргізуші «АтырауЛифт» ЖШС-де жұмыс істейді:

- Лифтіде адам қалып қойды, оны шығарып алу үшін мені жіберді. Анықтама мен құжаттарым бар. Ал бұл көмектесуге шыққан досым.

ЖПҚ инспекторы Саламат УАХИТОВ құжаттарын тексеріп, бәрі дұрыс деді. Жігіттер әрі қарай кетті.

«Санаторий» аялдамасына жақын жерде жолдың бойында бір әйел есі кетіп телефонмен сөйлесіп келеді. Гарифуллиннің айтқанына ол ашуланып жауап берді:

- Мені неге әкетесіңдер? Қалаған жерде қыдырып жүруіме болмай ма?! Сіздермен ешқайда бармаймын, кетіңіз! – деп бүкіл көшеге айқайлады әйел. О, иә, ол аздап ұрттап алған секілді. Енді оны куәландыру үшін наркодиспансерге алып кетуге тура келді. Егер мас болғаны расталса, онда әйелге ҚР ӘҚБтК-нің 440 бабы («Қоғамдық жерде масаң күйде жүру») қолданылып, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынатын болды.

Әйелді алып кеткен соң, Гарифуллин көшенің келесі бетіндегі аялдама павильонының артына дым болмағандай жасырынып тұрған ер адамды байқады. Өкінішке орай, жасырынғаны көрініп қалды. Сөйтсе ол да мас болып, сараптамадан кейін сол 440 баппен ресімделеді.

.

..Түнгі сағат бірге таман Атырау көшелері толықтай тынышталды. Тек кезекті шақыруға бара жатқан жедел жәрдем көлігінің дауысы ғана естілді.

Фархат ӘБІЛОВ 

Суреттерді түсірген автор

8 шілде 2020, 01:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.