Атырау, 19 сәуір 08:22
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

«Біз бәрі Еуропадағыдай болады деп ойладық»

4 340 просмотра
Фото: Әлия Жамитова

...Бәрі маскамен келеді, кезекті және әлеуметтік арақашықтықты сақтайды, деп ойлады «Көмек Атырау» еріктілер қозғалысының мүшелері. Бірақ, бәрі керісінше болды. Таңертеңгі сағат 10-да Атырау қаласындағы Авангард ықшамауданының соңғы аялдамасы маңына «Дәрі-дәрмектерді тегін тарату» акциясын өткізу үшін белгіленген жерге келгенде, оларды бір топ адам күтіп тұрды. Олар препарат пакеттері бар көлікті аудара жаздауға шақ қалған.    

Осы кезде еріктілердің қасына полицейлер келіп, Атырау қаласының бас санитариялық дәрігерінің қаулысын бұзғаны үшін еріктілер қозғалысының жеті мүшесіне хаттама толтырған. Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлназира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, бұл жағдайда шектеу шаралары ережесі бұзылған, акцияны ұйымдастыру билікпен келісілмеген, көп адам шоғырланған. Енді еріктілер әкімшілік айыппұл төлеуі мүмкін. 

Қалай болғанын еріктілердің өздерінен сұрап білдік. Еркебұлан СЕРІКҚАЛИЕВ:

– Бұл идея бізге қалада тегін шприц тарату акциясынан кейін келді. «Тегін дәрі-дәрмек тарату» қайырымдылық акциясына 500 мың теңгеден аса қаржы жиналды. Біз бұл акцияны дәріханаларда үлкен кезекті көрген соң өткізбекші болдық. Дәрілерді дәріхана желілерінің бірінен көтерме бағамен сатып алдық. Акция өтетін жерге халық көп жиналыпты. Ал акция туралы баннерді іле бастағанда адамдар дәрі-дәрмек салынған көлікті аудара жаздады. Полиция келді. Біз бәріне кезекке тұрып, ара қашықтықты сақтауды өтіндік, бірнеше рет ескерттік. Әрине, оларды да түсінуге болады - қалада қажетті дәрі-дәрмек жоқ... Кейін мен осындай жағдай орын алғаны үшін әлеуметтік желіде кешірім сұрадым.

Біздің қателігіміз сол - акция туралы алдын ала әлеуметтік желі арқылы хабарлағанымыз. Бәрі де Еуропадағыдай болады – адамдар кезекке тұрып, ара қашықтықты сақтайды деп ойладық. Біз 180 пакет дәрі-дәрмек дайындадық. Ал ол жерге 700 адам жиналды. Әр қорапта 10 пакеттен болды. Ішінде антибиотик пен дене қызуын түсіретін дәрілер бар: 10 ампула цефтриаксон, 10 новокаин, ацетилен қышқылы, ибупрофен, парацетамол, аскорбин қышқылы. Әр пакет шамамен 3 мың теңгеге шықты.

– Полиция сіздерді акция кезінде алып кетті ме? Бәрін таратып үлгердіңіздер ме?

– Жоқ, біз бірінші қорапты шығара бастағанда, адамдар жан-жақтан таласа алып кетті. Toyota Prado маркалы көлікті майыстырып, жүксалғышын ашпақ болды. Тек бір қорап қана таратылды. Оның ішінде мана айтып өткенімдей 10 пакет дәрі-дәрмек болды. Қазір бізде 170 пакет қалды. Бізге неге үй-үйлерді аралап таратпадыңдар дейді. Бірақ, біз ашық аспан астында қауіпсіз болады деп ойладық қой. Ал егер үй-үйлерге баратын болсақ, онда науқастармен қарым-қатынас (контакт) көбейе түсер еді. Ал біздің өзіміздің ата-анамыз ауырып жатыр. Міне, менің анам да қазір үйде науқастанып қалды.

– Енді қалған дәрі-дәрмекті қалай таратасыздар?

– Енді әкімдікпен келісіп алатын шығармыз.

Еркебұлан еріктілер қозғалысын өзінің достарымен бірге ораза кезінде құрған.

– Біздер Алматыда қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып жатқандарды көріп, неге солай Атырауда да жасамасқа деп ойладық. Ол кезде 4 млн теңге жинап, 300 отбасыға бір айлық азық-түлік алып бердік, 4 ота жасауға және бір мүгедек жанның оқу ақысын төлеуге көмектестік, – дейді Еркебұлан. – Кейін корановирустің барына сенбегендер не болып жатқанын түсіну үшін толып кеткен ауруханалардың ішінен видео түсірдік. Ал дәрігерлерге көмектесу үшін оларға 850 ыстық тағам тараттық. Мұның бәріне ақшаны қарапайым азаматтар өз қал-қадірінше беріп отырды. Instagram парақшамызда біз үнемі түскен ақша мен шығындар туралы есеп беріп отырамыз.

Қазір полиция еріктілерге қатысты іс материалын қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасына, ал олар сотқа жолдаған. Іс ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 3-тармағы (мемлекеттiк бақылау және қадағалау органдарының қаулыларын орындамау) бойынша қаралады. Ол жерде 5 АЕК бойынша (13 890 теңге) айыппұл көзделген. 

Айнұр САПАРОВА

4 шілде 2020, 22:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.