Соңғы жылдары алабай тұқымдас қазақ төбеттеріне көп мән беріліп жүр. Тіпті кей жерлерде ит төбелестіру де өзінше бір бизнестің түріне айналған. Жақында қаланың сыртында иттер шайқасының екінші турнирі өтті.
Осы жолы оған Доссор, Құлсары және қаладан 40 шақты ит қатыстырылып, соның 15-ке жуығы жеңімпаз деп танылды. Бұндай турнирді «Көкжал» қоғамдық бірлестігі тұрақты түрде ұйымдастырып отырады. Олар өзге өңірдегідей еліміздегі бөрібасарларды тестілік сынақтан өткізіп, іріктеуден өткендерінің тұқымын көбейтумен айналысады. Бөрібасарлар – ежелден мал шаруашылығында таптырмайтын маң төбеттер. Қазақ төбеттері ретінде олар малды күзетіп, қасқыр секілді жыртқыш аңдардан қорғау үшін қажет. Аталған бірлестік турнирлерде жеңіп шыққан бөрібасарлардың күшіктерін мал шаруашылығымен айналысып отырған шабандарға жібереді. Иттер шайқасы кезінде белгілі бір ережелер сақталып, төрешілер де арнайы шақырылады. Бұл жолы төреші Ақтөбеден шақырылыпты. Төреші Дмитрий ДЕМСКИЙ бізге иттер шайқасына қатысты бірнеше сырды ашып берді. Оның айтуынша, төбелес барысында иттердің тістері көрінсе немесе рингтен кетіп қалса және құйрығын ішіне кіргізіп алып дауыс шығарса, жеңіліс тапқан болып саналады. Бұл - иттердің бір-бірімен айқасуы кезінде белгілі бір дәрежедегі жарақат алғанымен, қаны сорғалап аққанға дейін шайқасуға жол берілмесі үшін бекітілген ережелер. Иттерді шайқасқа дайындау үшін оларды күнара 5 және 10 шақырым жол жүгіртеді. Ең бастысы – асыранды төбетін қожайын ет секілді сіңімді, тойымды азықпен тамақтандыруы керек. Ал шайқасқа бір күн қалғанда және шайқастың дәл алдында ешқандай да азық берілмейді. Жалпы, «шаршы алаңға» бір жарым жастан жеті-сегіз жасқа дейінгі иттер шығарылады.
- Бұдан қомақты қаражат түсе ме? –деген қызығушылық сұрақтың да туғаны рас.
Дмитрий Демскийдің айтуынша Атыраудағы «Көкжал» қоғамдық бірлестігі секілді, Ақтөбеде де ит өсірумен айналысатын өзінің «Бөрібасар» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді екен. Бірақ иттерді белгілі ставка қою үшін төбелестіруге аса қызығушылық білдірмейтінін жеткізді. Сондай-ақ, тестілік сынаққа тек қана азиат және кавказ тұқымдас төбеттердің ғана қатыстырылатынын мәлім етті. Алайда, ол да алабай ұстаған кейбір адамдардың иттер шайқасын бизнес көзі ретінде қарайтынын жасырмады.
Негізінен, біздің білуімізше, иттер шайқасына қойылатын ставка бағасы – 3000 және 5000 доллардан жоғары екен. Десек те, бәрі қалтаның көтеруіне және келісуге байланысты.
АЛАБАЙДЫҢ ТАРИХЫ
Алабай тұқымды иттерді қазақ төбеті немесе ортаазиялық төбет деп ортақ атайды. Ежелгі тұқымды төбеттер біздің елден бөлек, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжанда өсіріледі.
«Википедия» энциклопедия сайтынан таныс болғанымыздай, алабайлар – бүгінде Каспий теңізінен Қытайға дейін және Оңтүстік Жайықтан Ауғанстанға дейінгі үлкен аймақты алып жатқан жерде төрт мың жылдың үстінде халық селекциясы шығарған ит тұқымы ретінде қалыптасқан. Бұл тұқымда ежелгі Тибет иттерінің және әр түрлі көшпелі тайпалардың малшы иттерінің және Месопотамияның жауынгер иттерінің қаны бар. Ол моңғол төбеті және тибеттік мастифпен тығыз тектестік байланыста, деп жазады ғаламтордағы энциклопедия.
Түрікменстанда таза тұқымдас алабайларды ақалтеке аттарымен тең дәрежеде бағалайды және оларды елден сыртқа шығаруға тыйым да салынған.
Дегенмен «көкжалдықтардың» айтуынша Ресейдің танымал эстарада әншісі Анита Цой жуырда алабай төбетінің тұқымына қолқа салып, сатып алып кетіпті. Бірақ бағасы коммерциялық құпия дейді олар.
Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ
Суретті түсірген автор