«Бірлік» ықшамауданындағы АТП-1, АТП-2 апаттық жағдайдағы үйлерде тұратын 32 отбасы «Жұлдыз» ықшамауданынан жаңа пәтердің кілтін алды.
Қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұрғындарды апаттық жағдайдағы тұрғын үйлер мен жатақханалардан көшіру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл - «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Жұлдызда салынған 5 қабатты жаңа үйлерге қоныс аударушылардың үшінші «көші».
- Бұдан басқа, өткен жылы Құнанбаев пен Досмұхамбетов көшелерінің бойында орналасқан екі жатақхананың тұрғындары «Береке» ықшамауданындағы көппәтерлі үйге қоныстанды. Биыл тағы екі апаттық үйдің (Әуезов пен Достық көшесінің бойында) тұрғындарына Жұлдыз бен Береке ықшамаудандарындағы жаңа пәтерлердің кілті табысталды, - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Айнұр САПАРОВА