Жақында өткен облыстық мәслихат сессиясында баяндамашы - экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы Азамат СӘЛІМБАЕВ облыс әкімдігі ғимаратына жалғама құрылысын жалғастыруға бюджеттен бөлінген 800 миллион теңге енді Құлсары қаласындағы 5 қабатты 100 пәтерлік үш үйдің құрылысына жұмсалатынын айтты. Бұл дұрыс шешім сияқты.
Жалғама құны 7,1 млрд теңгеге шығады, 2018 жылы оның 480 млн-ы, 2019 жылы 2 миллиарды игерілді. Биыл қалған соманы бөлу жоспарланған болатын. Оның қомақты сметасынан 800 миллион теңге қаржыны «алу» құрылыс қарқынын қаншалықты бәсеңдететіні белгісіз, бірақ бұл ақшаны «кестеден бұрын» жүріп жатыр деп хабарланған Құлсарыдағы бес қабатты үш ғимараттың құрылысын аяқтауға жұмсау орынды болып көрінеді.
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Қаһарман САҒЫНОВТЫҢ айтуынша, көп балалы отбасылар, кезекте тұрғандар және 1-ықшамаудандағы 60 пәтерлік және Привокзальныйдағы 16 пәтерлік апатты екі үйдің тұрғындары сол жерден пәтер алады.
Мирас МҰСТАФАЕВ