1 шілдеден бастап Қазақстанның энергия өндіруші компанияларының, соның ішінде «Атырау ЖЭО» АҚ-ның электр қуатына шекті бағалары көтерілді.
Энергетика министрлігінің 29 маусымдағы бұйрығымен АЖЭО өндіретін электр қуатының тарифі бір киловатт-сағатқа 6,82-ден 8,48 теңгеге дейін өсті, яғни, 24%-ға артты. Маңғыстау энергетикалық комбинатының да электр қуатының құны қымбаттады. Біздің өңір қажет болған кезде жетіспейтін киловаттарды осы кәсіпорыннан сатып алатын.
Табиғи монополияларды реттеу департаментінің хабарлауынша, 30 маусымда «Атырау Энергосату» ЖШС оларға АЖЭО және МАЭК-тің жаңа бағаларын ескере отырып, тұрғындар үшін тарифті көтеру туралы өтінім жолдаған. Қаншаға көтеру ұсынылғанын айтпады. Өтінім 1 тамызға дейін қаралады. Монополияға қарсы қызмет тарифтердің көтерілетінін жасырмады.
Мирас МҰСТАФАЕВ