Коронавирус індеті өршіп тұрғанда, Қытайда тағы бір вирус анықталды, деп хабарлайды 24.kz.
Ғалымдар доңыз тұмауының жаңа штаммын тапты. Мамандардың айтуынша, жаңа штамм 2009 жылы Мексикада шығып, пандемияға әкелген H1N1 тұмауына ұқсас келеді. Зерттеулерге сәйкес, жаңа вирус Қытайда жуырда пайда болған. Ғалымдар доңыздардан тарап жатқан вирус адамға да жұғуы мүмкін дейді.
Бұған қоса, вирус мутацияға ұшырап, адамдан адамға да тарауы ықтимал деген болжам да жасалып отыр. Таяуда бұл аурудың Қытайдағы қасапхана жұмысшыларына жұққаны жайлы ақпарат тарады.
Енді ғалымдар індеттің таралмауы үшін тиісті шаралар дер кезінде қолға алынуы керек деп дабыл қағуда.