Теңіздегі жұмысшылар ауысым жұмысшыларын күтуде
Теңіз кенішіндегі ТШО мердігер компанияларының бірінің жұмысшылары «АЖ»-ға хабарласты: олардың айтуынша, жұмысшылардың көпшілігі наурыздан бері вахтада жұмыста екен.
«Үйімізге кете алмай жүрміз, кейбіреуінің жақын адамдары қайтыс болды. Бізге жағдайды дұрыс түсіндірмейді. Теңізге қарсы вахтаның жұмысшылары кіргізілді, бірақ оларды жұмысқа қоспай отыр. Шаршап кеттік, әрі ауырып қаламыз ба деп қорқамыз. Теңіздегі нұсқаулық бойынша 90 күн емес, осында жүргенімізге 100 күннен асып кетті», - деп шағымданады жұмысшылар.
Біздің сауалымызға ТШО баспасөз қызметі жұмысқа кіріспес бұрын Теңізге келген әр адамның оқшауланып, ПТР сынамасын тапсыруы тиіс екенін, бұл келушілердің барлығына қойылған міндетті талап екенін айтты.
Естеріңізге салсақ, жақында өткен брифингте ТШО өкілдері жұмысшылардың вахта ауысымы басталатынын, ол шілденің ортасына дейін созылатынын хабарлаған болатын. Ал кеніштегі карантин эпидемиологиялық ахуал тұрақтанғанша жалғасады.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА