Соңғы екі күнде Үндістанның Бихар және Уттар-Прадеш штаттарында жүз он адам найзағайдан қаза тапты, - деп хабарлайды РИА Новости табиғи апаттарға қарсы күрес департаментіне сілтеме жасап.
Бұған дейін, Үндістандағы Бихар штатында найзағайдан 83 адам қаза тапқаны хабарланған болатын. Кейін Уттар-Прадеш штатының билігі бейсенбіде 24 адам қайтыс болғанын, тағы үшеуі сәрсенбіде қаза болғанын мәлімдеді.
Найзағай соққысынан 32 адам зардап шекті - Бихарда 20 адам, Уттар-Прадеште 12 адам жарақат алды. Олардың барлығын күйік шалған.
Премьер-министр Нарендра Моди қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты.
"Қатты жаңбыр мен найзағай салдарынан Уттар-Прадеш пен Бихардың кей ауданында бірнеше адамның қаза болғаны туралы қайғылы хабар келіп түсті. Штат үкіметтері шұғыл көмек көрсетумен айналысады", - деп жазды ол Twitter-де.
Штат билігі қаза тапқандардың туыстарына 400 мың рупийден төлем берілетінін хабарлады. Олар ауа-райы нашар кезде адамдарды мүмкіндігінше үйде отыруға шақырды.
Ал ауа райы департаменті Уттар-Прадеш штатында және солтүстік аудандарда күшті жауын-шашын жалғасады деп болжады.