19 маусымнан 2 шілдеге дейін аудан орталығы Индербор кентіне кіріп-шығуға қатаң тыйым салынып, карантиндік режим орнатылып, базар мен сауда және қызмет көрсету орындары жабылып, коменданттық уақыт белгіленген. Кенттің кіре берістеріне екі блок бекет қойылған болатын.
«Атырау-Индер» бағытындағы блок бекетте оншақты көлік жиналып қалған. Осы бағыттағы ауылдан келгендер өздерінде жоқ банк және басқа да қызмет түрлерін алу үшін аудан орталығына кіре алмай, ренішітерін білдіріп жатты.
- Мен банкоматтан ақша, дәріханадан дәрі алуға келген едім. Таңертеңнен өте алмай жүрміз, - дейді Бөдене ауылынан келген әйел адам.
- Ал мен несиемді төлеуге және жанармай алуға келгем. Ауылда жанармай құю бекеті жоқ қой. Несиенің де мерзімі бүгін еді, - дейді тағы бірі шырылдап.
- Жедел штабқа телефон соғыңыздар. Мен өткізе алмаймын, - дейді полиция қызметкері.
- Бағана әкімшіліктен бір қызметкер келген, ол түк шешкен жоқ. Полицияға барыңдар деп, сіздерге жіберді.
- Біз ол мәселені шеше алмаймыз, кіріп-шығуға рұқсат жоқ, міне қаулы. Ара қашықтықты сақтаңыздар.
Аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі аудан орталығында жұмыс жасайтындар және шұғыл медициналық көмекке жүгінгендерді қоспағанда бекеттен тек азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтушы кәсіпкерлердің кіріп-шығуына рұқсат етілгенін айтты. Бірақ жарнамада «Индер-Атырау» бағытында клиент іздеген таксистер хабарламасы өріп жүр. Мен бір таксистке телефон да соғып көрдім.
- Атырауға барайын деп едім.
- Сағат нешеге, неше адамсыздар?
- Сіздер жабық блок бекеттен қалай өтіп жүрсіздер?
- Одан қам жемеңіз, оны неге сұрадыңыз....- деді де, телефонын өшіріп тастады. Сұрақты көп қойып кетсем керек-ті.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор