Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ пен орынбасары Бақтыгүл ХАМЕНОВА өңірдегі медицина мекемелерінің басшыларымен кездесті. Кездесуде провизорлық стационарлар, ИВЛ аппараттары, коронавирус инфекциясына байланысты қазіргі қиын жағдайда медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі туралы мәселе қозғалды.
- Облыстық аурухана жанынан 60 орындық стационарға қосымша 50 орындық провизорлық стационар ашылады. Демеушілер көмегімен ИВЛ аппараттары алынады. КВИ-ге ПТР сынамасын алу үшін Caspian Medical емханасымен оның зертханасын қолдану туралы келісімге келдік, - деді Б.Хаменова. – Бүгінде медицина мамандарының жетіспеушілігі басты проблеманың бірі болып отыр. Ең алдымен, реаниматолог мамандар, ИВЛ аппаратын қоятын мамандар тапшы. Сондықтан жеке емханалардан көмек сұрап жатырмыз.
Н. Таубаев та жеке емхана басшыларына:
- Сіздер қазір өңірдегі ахуалдың қандай екенін көріп отырсыздар. Сондықтан сіздерді бірлесе жұмыс жасауға шақырамын. Бұл сіздердің азаматтық парызыңыз, - деді.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА