Атырау, 16 қаңтар 00:58
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 529.70
€ 545.96
₽ 5.17

Ұн төңірегіндегі мәселе

3 712 просмотра

Нурид ТИКАЕВ

«Атырау - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жанындағы арнайы мониторинг тобы «Атырау ӘКК» АҚ лауазымды тұлғалары өкілеттіктерін асыра пайдаланып, біздің тұрақтандыру қорымыз үшін ұнды Батыс Қазақстан облысынан жоғары бағамен сатып алды деп мәлімдеді. Ал ӘКК басқаша пікірде - бұл қысқы уақытта, содан кейін төтенше жағдай мен карантин кезінде нансыз қалмауымызға көмектесті дейді.

Көктемде 25 келі ұнның бір қапшығы (рұқсат етілген баға 4575 теңге болғанда) 5500 теңге болды. Кәсіпкерлер мұны өңірде ұн жоқ, пандемияға байланысты шекаралар жабылды деп түсіндірді.

Өңірімізде заманауи итальяндық қондырғылармен жабдықталған ұн тартатын диірменіміз бола тұра ұнның тапшы болғаны қалай? Бір кездері ауыл шаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында құны 4,4 млрд теңге болатын жоба іске қосылған еді.

«Дәулет» жеке индустриалды аймағында диірмен жұмыс істеп тұр, ол жылына 55 мың тонна өнім шығарады. Қажет болса, мұндай көлем тек біздің облыстың ғана емес, бүкіл Қазақстан батысының сұранысын қанағаттандыра алады.

«Атырау» ӘКК «Желаев НӨК» АҚ-нан (БҚО) бірінші сұрыптағы бидай ұнының келісін 140 теңгеден 1060 тонна алған. ҚҚС мен тасымалдауды есептегенде жалпы сомасы 148,4 млн теңгеге шықты. Тауарды жеткізу мерзімі - 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін. Наурыз айында «Атырау» ӘКК департаментінің директоры брифингте әлеуметтік нанды пісіру үшін тұрақтандыру қорынан 440 тонна ұнның наубайханаларға жіберілгенін, ал қордың 620 тонна екенін мәлімдеген еді.

- Бірақ сәуірде, карантин кезінде, қалада мұндай ұн қоры болған жоқ. Сол кезде жүргізілген мониторинг тұрақтандыру қорына 45 360 000 теңге сомасындағы 324 тонна ұнның түспегенін көрсетті. Тұрақтандыру қорының қоймасы жоқ, ол бұл ұнды қайда сақтар еді, - дейді «Атырау-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері. – Мынадай сұрақ туындайды: облыста ұнның келісін көтерме бағада 129 теңгеден, бөлшек саудада 132 теңгеден ұсынатын үлкен диірмені бола тұра, БҚО-дан ұнның бір келісін 140 теңгеден сатып алудың қажеті қанша? Бұл «Желаев НӨК» АҚ-нан арзан, әрі оны тасымалдауға шығынданудың қажеті жоқ. Осы мәліметтерге сүйене отырып, мамандар мемлекетке келтірілген шығын 11,6 миллион теңге болады деген қорытындыға келді. Бұдан басқа, біздің өңірде сатып алған кезде жергілікті тауар өндірушілер бюджетке қомақты салық төлейтін еді.

Келісімшарттың 1-тармағының тармақшасына сәйкес, өтінім болмаған және тауарды әкетпеген жағдайда, сатушы келісімшартты біржақты бұзып, сатып алушыға ақшаны қайтаруға құқылы. «Атырау ӘКК» 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін қалған тауарларға өтінім жібермеген. Бірақ тұрақтандыру қорының өкілдері жеткізілім толық жасалды деп сендіреді.


ТАРАПТАРДЫҢ УӘЖІ

- Жүргізілген мониторинг нәтижесінде «Атырау ӘКК» АҚ-ның тұрақтандыру қоры үшін ұнды жоғары бағамен БҚО-нан сатып алғаны белгілі болды. Осылайша Yкіметтің 2012 жылғы 9 қазандағы қаулысымен бекітілген өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидаларының 7-тармағы бұзылған. Онда «тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін жұмыс органы тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте тіркелген мамандандырылған ұйымнан тұрақтандыру қорын қалыптастыру және пайдалану жөніндегі қызметтерді сатып алады» делінген. Яғни, тауар Атырау облысында сатып алынуы тиіс. Бұдан басқа, нарықтағы бағаны тұрақтандыру мақсаты да орындалмады, - деп есептейді «Атырау – адалдық алаңы» басшысы Альфия ӘДИЕВА. Оның бұл пікірімен «Атырау ӘКК» өкілдері мүлдем келіспейді. Олардың айтуынша, кәсіпорын Атырау облысының тұрақтандыру қорының сатып алуды және тауар интервенциясын жүзеге асыратын мамандандырылған мекемесі, бірақ мемлекет белгілеген шектеулі бағаның сақталуын бақылау олардың функциясына кірмейді екен.

- Ұнды сатып алуға қатысты мәселе қарашада қозғалған еді. Ауыл шаруашылығы басқармасы Атырау кәсіпкерлік бөлімімен, «Атырау» ӘКК» АҚ және қаладағы наубайхана өкілдерімен бірлесіп, бірнеше кеңес өткізіп, жеткізілімді және сатып алу бағаларын таңдау мәселесі талқыланды. «Дәулет Нан» өкілдері өз қоймаларында тауар болмағандықтан және қала наубайханаларын өз ұнымен қамтамасыз ете алмағандықтан бұл жиналыстарға қатыспады. Мұны жиналыс хаттамалары мен наубайхана өкілдерінің Желаев нан өнімдері комбинатының ұнын ғана сатып алғаны туралы хаттары растайды. Яғни, ұн нан пісірушілердің өтініші бойынша таңдалды. Ол кезде «Дәулет Нанда» ұн болмады, егер сол кезде БҚО-да ұн сатып алмағанда, Атырау нансыз қалатын еді! - дейді «Атырау» ӘКК мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру департаментінің директоры Дмитрий ДЮ.

Атыраудағы нан пісірушілердің өтінімдеріне сәйкес, қажетті ұн мөлшері облыстың 10 наубайханасына 2020 жылдың қаңтар айынан 21 сәуіріне дейін толық және уақтылы жеткізілген. Ұн карантин кезінде де үзіліссіз жеткізілді, наурыз-сәуір айларында облыс наубайханаларына 740 тонна ұн әкелінген.

Ұн сақтауға арналған қоймаларға келер болсақ, тауарларды үнемі және белгілі бір мерзімде қажет көлемде тікелей жеткізушілерден алуды жөн көретін кәсіпкерлердің талабы бойынша олардан бас тартуға тура келген.


«БІЗ ҮШІН БАСТЫСЫ – ЖЕТКІЗУШІНІҢ СЕНІМДІ ӘРІ ТИІМДІ БОЛУЫ»

Оның сөзін «Шарапиева» ЖК өкілі Нурид ТИКАЕВ растады:

- Ұнның тапшылығына қатысты 4 кездесу өтті, ал оларға «Дәулет Нан» бірде-бір рет қатыспады. Біз 20 жылдан бері нан пісірумен айналысып келеміз, балабақша, аурухана, супермаркет, әскерилермен жұмыс істейміз. Осы уақыттан бері «Желаев НӨК»-мен жұмыс жасап келеміз. Олар сапалы тауар жеткізеді, ең бастысы - жеткізу мерзімін ешқашан кешіктірмейді, ұнды алдын ала төлемсіз әкеле алады. Егер бізде жеткізуге қатысты кідіріс болып қалса, балабақша мен ауруханаларда не болатынын елестете аласыз ба?

«Атырау - адалдық алаңы» мен арнайы мониторинг тобының өкілдері ӘКК көрсеткен наубайханаларды аралап, олардың кез-келген жеткізушімен жұмыс істеуге дайын екенін анықтады. Бастысы - ұнды қоймаларға уақытында әкелсе және бағасы қолайлы болса болғаны.

Кәсіпкер Нурид Тикаев бұл тұжырымға да қарсы емес:

- Біз үшін бастысы - тауардың сапасы және тұрақты жеткізілуі маңызды. Егер ұн сапасы Желаев комбинатының ұнына сәйкес келсе, онда бізге «Дәулет Наннан» ба, «Қостанай наннан» ба, қайдан алсақ та бәрібір. Біз «Дәулет Наннан» ұн алғымыз келген, бізге 120 теңгеден береміз деп уәде берген сияқты еді, бірақ сол кезде оларда ұн болмады. Тіпті, ұнды Волгоградтан сатып алуға тура келді. Сондықтан БҚО-дан сатып алғанымыз, бізді құтқарып қалды. Жаңа жылдан кейін бізге өзіміздің ұн «Дәулет нанда» бар екенін айтты. Мен екі рет бардым - ұн болмады.

Әділдік үшін айта кету керек, көктемде аудандарда ұн тапшылығы сезілді, ал «Дәулет Нан», мысалы, Индер ауданының сұранысын қанағаттандырмады.


АЛ БАҒА БҰРЫНҒЫША ЖОҒАРЫ

«АЖ» «Дәулет Нан» тиесілі «Карат LLP» ЖШС-нен комментарий алуға сұраныс жолдады. Олардан «диірмен кешенінің қуаты - тәулігіне 90 тонна ұн, яғни, бүкіл Батыс Қазақстанның ұнға сұранысын өтеуге қабілетті» деген жауап алды.  

- «Атырау ӘКК» АҚ тарапынан ұн жеткізуге ешқандай сұраныс түскен жоқ, 1-сұрыптағы ұнға қатысты сұраныс болмады, - деп жауап берді «Карат LLP» ЖШС директоры Сапарбек ОТАРОВ.

Осы мәселеге арналған жиналыста «Атырау» ӘКК өкілі: «Атырау - адалдық алаңы» мен арнайы мониторинг тобы іс жүзінде неліктен «Дәулет Нанның» мүддесін қолдап отыр деп ашық сұрақ қойды. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру мен пайдалану қағидалары жергілікті және Атырау облысынан тыс жердегі шетелдік өндірушілердің тауарларын сатып алуға тыйым салмайды.

…«Сарайшық» коммуналдық базарында бірінші сұрыпты ұнның бір келісі 172 теңге, ал басқа базарлар мен дүкендерде – 200 теңге. Ал әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағасының мөлшеріне сәйкес, 2020 жылдың II тоқсанында баға 162 теңгеден аспауы тиіс.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

23 маусым 2020, 17:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.