Атырау облысына 29 620 ПТР сынамасы келді, 4 ай ішінде 22 238 талдау жасалды. Сынаманың бір бөлігі Ақтөбе мен Оралға жіберілді, бір жарым мыңы Теңіз кенішінде қолданылды. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис ТАНБАЕВА онлайн-брифингте хабарлады.
Бұдан басқа, облыс 3105 жедел тестілер алды, оның 1927-сі пайдаланылды. Көбінесе олар бақылау-өткізу пункттерінде, ауруханаларда қолданылады.
- Жазда адамдар суық сусын ішіп, кондиционер қолданғандықтан көп тұмаулатады, жеміс-көкөністер іш өткізеді. Осы симптомдардың барлығы үрейлендіріп, адамдар коронавирус жұқтырдым деп күдіктене бастайды. Бірақ кімді анализ тапсыруға жіберетінін дәрігерлер шешеді. Ең алдымен, бұрын анықталған науқастармен жақын байланыста болған адамдар тексеріледі, - деді Г.Танбаева. Оның айтуынша, мемлекеттік зертханадан басқа, бір жеке зертхана ПТР талдау жасайды. Жақын арада тағы екі жеке медицина мекемесін жұмылдыру жоспарланып отыр.
Зульфия ИСКАЛИЕВА