Атырау, 3 шілде 14:32
 ашықВ Атырау +26
$ 471.83
€ 505.66
₽ 5.40

Нәрестенің өлімі туралы сот ісі: «Сіз неге оны маған әкелдіңіз?»

4 003 просмотра

Сотталушылардың бірі – облыстық перинаталдық орталықтың босану бөлімшесінің акушері Жәмила ҚҰЛБАТЫРОВА – жүкті әйелдер патологиясы бөлімшесінде (босануға дейінгі бөлімше) акушер болып жұмыс істейтін куәгер Ләззат ҚАСАНОВАҒА осындай сұрақ қойды.                                  

29 қыркүйекте Қасанова босанушы Тұрымбетованың айқайына жүгіріп барған. Оның жауабына сүйенсек, ол босану жолдарынан шыққан сәбиді көрген бойда оны қолына алып, жамылғыға орап, жоғарыға, босану бөлімшесіне жүгіріп, Құлбатыроваға берген.

Қасанованың куәлігі мен тараптардың сұрағына берген жауаптарын баяндамас бұрын, сотталушылардың сотқа келуіне қатысты кедергілерден кейін, 16 маусымнан бастап журналистерге осынау резонансты сот процесін Атырау облыстық сотының баспасөз орталығында бейнеконференция байланысы арқылы бақылауға мүмкіндік берілгенін атап өтейік. Тергеу абақтысында жатқан сотталушылар Қуаныш НЫСАНБАЕВ, Асқар ҚАЙЫРЖАН және Жәмила ҚҰЛБАТЫРОВА сотқа бейнебайланыс арқылы қатысып жатыр. Ал басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен жүрген Руслан НҰРМҰХАНБЕТОВ пен Дариға ЖҰМАБАЕВА процесстің басқа қатысушыларымен бірге Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот залына келді. Түрмемен байланыс нашар болды, сөздер анық естілмеді. «Тергеу изоляторында интернет нашар», - деп түсіндірді облыстық соттың баспасөз қызметі.

Қасановаға алдымен прокурор Магомед ЕСЕНБОЛАТОВ сұрақ қойды.  

- 29 қыркүйекте Асқар Қайыржан палатаға қашан келді?

- Шамамен сағат 10-11-лерде. Мен жоғарыға көтеріліп, Тұрымбетованың ішім ауырып тұр деп шағымданғанын айттым. Асқар Қайыржан Тұрымбетованы қарап, ерте босанып қалу қаупі бар екенін айтып, толғағын тоқтату үшін оған система тағайындады.

- Қайыржан Тұрымбетованы қалай тексерді? Не істегенін суреттеп беріңізші.

- Ештеңе істеген жоқ, әйелдің жағдайына баға беріп, система тағайындады.

- Ол қандай емді және қандай көлемде тағайындады?

- Әдетте толғақты тоқтату үшін магнезия тағайындайды. Оған магнезия тағайындады.

- Сол күні кезекшілікте болғанда сіз оны қарап, жағдайын тексердіңіз бе?

- Мен оған дәрігердің тағайындауы бойынша система салдым, ішін тыңдадым. Ішіндегі дүрсіл шамалы болды, есту қиын болды.

-Сіз не естідіңіз?

- Сол кезде қан қысымым көтеріліп, құлағым шуылдап тұрды, дәл айта алмаймын.

Әрі қарай прокурор сәбидің жүрек соғысын естідің бе деп нақтылап сұрады. Қасанова әлсіз жүрек соғысын естігенін айтты.

- Босанып жатқан әйелдің дауысын естідім дедіңіз, нәрестені алып, қайда жүгіріп кеттіңіз?

- Айтып өткенімдей, мен Тұрымбетованың айқайын естіп кіріп, мен де «набор инструментов» деп айқайладым. Баланы жылы жамылғыға орап, жоғарыдағы палатаға жүгірдім.

- Сіз баланы Құлбатырова Жәмилаға берген кезде, ол сізге не деді?

- Мен шокта болдым, баланы Құлбатыроваға ұстата сала, Асқар Қайыржанға хабарлау үшін соған қарай жүгірдім.

- Сіздің міндетіңізге не кіреді?

- Дәрігердің тапсырмасы мен тағайындаған емін жасау, жүкті әйелдердің қан қысымын, дене қызуын өлшеу, палатадағы әйелдердің жай-күйін, палатаның жағдайын тексеріп, дәрігерге баяндау.

- Тұрымбетованың босанғаны туралы нақты кімге баяндадыңыз?

- Мен кезекші дәрігер Асқар Қайыржанға баяндауға міндетті едім.

Зардап шегуші Тұрымбетованың сұрағы:

- Сол күні менің жағдайым қандай болды?

- Сіздің ішіңіз ауырып, төмен тартып тұрды.

- Мен сағат 9-дан кейін ауырып тұрмын дегенде, сіз неге көмек көрсетпедіңіз? Тек 12-13 сағаттан кейін система салдыңыз.

- Сіздің жағдайыңыз туралы кезекші дәрігерге хабарладым. Қан қысымы бар, ақуызы көбейіп кеткен, басқа патологиямен жатқан әйелдер көп болды... Бірі болмаса бірінен қан кетер деп қорықтым.

- 30 қыркүйекте сіз күйеуімді тергеушінің кабинетінен көріп жыладыңыз. Сіз нәрестенің тоңазытқышқа салынғанын білдіңіз бе?

- Мен мұндай жерді алғаш рет көруім. Қорқып кеттім, әйел затымын ғой. Мен түске дейін жұмыс істедім, сені босанатын залға жіберіп, өз міндеттерімді жалғастыра бердім. Оның үстіне, қарайтын басқа да әйелдер болды.

Әрі қарай Қасановаға Құлбатырованың адвокаты Талғат МҰҚАТАНОВ сұрақ қойды:

- Сіз 2005 жылдан бері акушер боп жұмыс істейсіз. Сізді лауазымдық нұсқаунамамен таныстырды ма? Әйелдерді босандыруға қатыстыңыз ба?

- Иә.

- Неліктен сәбиді анасына көрсетпедіңіз?

- Менің міндетім баланы алып, босанатын бөлімшеге жүгіру болатын... Өйткені патология бөлімшесі босанатын жер емес, баланы алып, жоғарыға босанатын бөлімшеге жүгірдім.

- Нәресте қолыңызда қанша уақыт болды?

- Дәл айта алмаймын, өте аз уақыт еді.

- Сіз бұған дейін босанатын бөлімшеде жұмыс істедіңіз, сіз кіндікті қалай бөліп алу керектігін білуге тиіссіз ғой. Неліктен сіз мұны жасамадыңыз?

- Егер бұл босану бөлімшесінде болса, жасар едім. Ал патология бөлімшесі бұған арналмаған.

Құлбатырованың Қасановаға сұрағы:

- Сіз баланы неге маған әкелдіңіз?

- Сіз босану бөлімшесінің акушері болған соң. Сіз қарсы кездесіп, жансақтау бөлімшесіне бардыңыз. Менің «қыздар, қыздар» деген айқайыма сіз шықтыңыз, баланы сізге беріп, кезекші дәрігерге жүгірдім. Оның үстіне, мен Тұрымбетоваға баруым керек болды, өйткені қан кету қаупі байқалды. 

- Сол 4-қабаттағы патология бөлімшесінде жансақтау бөлімі бар. Сіз баланы неге сол жерге апармадыңыз?

- Ол кезде ондай ой келген жоқ.

Келесі сот отырысы 23 маусымға белгіленді.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

23 маусым 2020, 10:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 700 672 70 30 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.