Атыраудың жұқпалы аурулар ауруханасы науқастарға лық толды, келесі аптада Махамбеттегі туберкулезге қарсы ауруханада орындар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл туралы онлайн өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис ТАҢБАЕВА мәлімдеді.
-Скрининг пен тексеру кезінде анықталып жатқан қауіпті дертті жұқтырғандар саны көбеюіне байланысты жұқпалы аурулар ауруханасы толып қалды. Аурухана 180 төсекке есептелген, қазір ол жерде 193 науқас емделуде. Оның жетеуі жансақтау бөлімінде, үшеуі өте ауыр халде жатыр. Келесі аптада біз Махамбет ауданында емделуге арналған төсек-орындар ұйымдастырамыз. Науқастардың бір бөлігі сол жерге жіберіледі, - деп атап өтті Г.Таңбаева.
Оның айтуынша, науқастарды емдеуге қажетті дәрі-дәрмек те, медицина қызметкерлерінің қорғаныс киімдері де жеткілікті. Қазір аурухана қызметкерлері бірнеше қайтара пайдалануға болатын обаға қарсы киім киіп жүр. Сонымен қатар, мұнай компаниялары мен ірі ҮЕҰ көмегімен жеке қорғану заттары сатып алынды. Ол тек медицина қызметкерлеріне ғана емес, алғы шепте жүрген полиция, СЭС және т.б. қызметкерлеріне бөліп таратылды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА