Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Атырау-Орал трассасының бір бөлігі төрт жолақты болады. Бұған дейін бұл жолдың ақылы болатыны хабарланған еді.
ИИДМ хабарлағандай, қазір Атырау жақтан 75-125 шақырымдық учаскені қайта жаңғыртуға жобалау-сметалық құжаттама әзірлейтін компанияны анықтау процедуралары басталған. Бұл - жолдың 50 шақырымдық бөлігіне қатысты жұмыстар. Бұдан басқа, Атырау жақтан 370-492 шақырымдық жолды қайта жаңғырту жоспарланды.
Осыған дейін «АЖ» хабарлағандай, 2021 жылдан бастап Атырау-Орал және Атырау-Доссор-Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасымен шекара трассалары ақылы болады.
- Бүгінде тиісті инфрақұрылымды дайындау жұмыстары жүргізілуде, содан кейін сынақ түрінде пайдаланыла бастайды. 2021 жылдан бастап ақы алынады, - деп жауап берді «АЖ» сұрағына ҚР ИИДМ автомобиль жолдары комитетінің баспасөз хатшысы Әсел СҮЛЕЙМЕНОВА.
- Алынатын ақы мөлшері белгілі ме?
- Әзірге белгісіз, талқыланып жатыр. Қазіргі Нұр-Сұлтан – Щучинск, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Алматы – Қорғас және Алматы – Қапшағай секілді ақылы жолдардағы тариф болатын шығар.
Ал әзірге республикалық маңыздағы «Атырау-Орал» трассасының жағдайы мәз емес. Бұл жерде кісі өлімімен аяқталатын жол-көлік оқиғалары жиі болып тұрады. Мәселен, 26 ақпанда жүк көлігі мен автобус соқтығысқанда 3 адам қаза болып, 15 адам жарақат алды.
Фархат ӘБІЛОВ